«AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы ұстаздар күніне орай Қонаев қаласындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өткізді. Ұстаздарды мерекесімен құттықтаған партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев білікті де білімді маман қай кезде де сұранысқа ие екенін ерекше атап өтті.
AMANAT-тықтар ұстаздарға құрмет көрсетті
733
оқылды

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың ұстаздарға берген бағасы бүгінде де өз биігінде. Біздер де білім саласында тер төгіп жүрген жандарды айрықша құрметтейміз.  Алматы облысынан да педагогика саласының небір майталмандары шықты. Әрқайсысы бір төбе, бір тау. Алдағы кезде де есімі елімізден асып,  әлемге танылатын педагог мамандар шығатынына сеніміз мол. Оқытқан оқушыларыңыз, тәрбиелеген шәкірттеріңіз, қолынан жетектеген бүлдіршіндеріміз заманынан оза шауып, еліміздің ғана емес әлемнің үздіктері қатарынан көріне берсін!», – деді Қуат Байғоджаев.

Елімізде білім саласына деген мемлекеттік қолдаудан кенделік жоқ. «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының жалақысын 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100%-ға кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің жалақысын 30%-ға арттыру көзделген.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының деректері бойынша Қазақстанда барлығы 510 826 педагог бар. Олардың басым бөлігі яғни, 340 958-і орта білім беру жүйесінде. 97 407 педагог мектепке дейінгі, 36 083 оқытушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Ал жоғары білім беру жүйесінде 36 378 оқытушы бар.

Болат Абаған, Жетісу облысы.