Орталық сайлау комиссиясында 45 аудан мен облыстық маңызы бар қаланың әкімі болуға кандидаттарды ұсыну қорытындысы қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Биылғы сайлау науқанының екінші отырысы аясында 45 пилоттық аудан мен облыстық маңызы бар қаланың әкімі болуға кандидаттарды ұсыну қорытындысы қаралды.
Отырысқа облыстардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері (бейнеконференция режимінде), саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
ОСК төрағасы отырысты аша отырып, 26 қыркүйектен 5 қарашаға тағайындалған пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын даярлау мен өткізу аясында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында аумақтарға инспекциялық сапарларды бастағанын хабарлады.
Осылайша, бүгінге ОСК мүшелері 9 өңірдің (Ақмола, Алматы, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының) 24 пилоттық ауданы мен облыстық маңызы бар қалаларына барып, сайлауды дайындау және өткізу барысымен танысты, сайлау процесіне қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, практикалық кейстерді талдады.
Инспекциялық сапарлар барысында жергілікті жерлерде аудандық аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін ұйымдастыратын каскадтық әдіспен өткізілетін оқу семинарларының сапасын бақылау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Биыл 11 қазаннан бастап өңірлерге жоспарланған инспекциялық сапарлар жалғасын табады.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы баяндама жасады. Ол сайлау науқаны кезінде барлығы 249 кандидат ұсынылғанын хабарлады. Оның 36,24%-ы – саяси партиялар, 63,86%-ы – өзін-өзі ұсынғандар.
Бір орынға ең жоғары бәсекелестік – Жамбыл облысында (Жуалы ауданы), Жетісу облысында (Кербұлақ ауданы), Түркістан облысында (Бәйдібек ауданы) 9 үміткерден, ең төмен – 3 үміткер Ақмола облысында (Жақсы ауданы), Атырау облысында (Исатай ауданы), Батыс Қазақстан облысында (Қаратөбе ауданы), Қостанай облысында (Алтынсарин, Денисов, Қарабалық аудандары).
Ұсыну барысында барлық тіркелген 7 саяси партия («Ақ жол» ҚДП, AMANAT, «Ауыл» ХДПП, Байтақ, ЖСДП, ҚХП, Respublica партиялары) өз белсендігін көрсетті.
Ұсынылған үміткерлердің орташа жасы – 47 жас. Үміткерлердің ең көбі – 35 пен 55 жас аралығында (68,27%). Ең ересек үміткер Атырау облысының Қызылқоға ауданында – 62 жаста, ең жас үміткер Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында – 27 жаста.
Кандидаттардың көпшілігі ер адамдар. Сонымен қатар 13 әйел ұсынылды.
Кандидаттардың 63,05%-ы – мемлекеттік қызметкерлер; 9,64%-ы – бюджет саласының қызметкерлері, 14,86%-ы – коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді; 0,8%-ы саяси партияларда және ҮЕҰ-да жұмыс істейді, 6,83%-ы уақытша жұмыс істемейді, 4,82%-ы – басқа жұмыспен қамту топтарының өкілдері.
Бұл ретте ұсынылған кандидаттардың 21,69%-ы – экономистер, 19,28%-ы – заңгерлер, 14,46%-ы – оқытушылар, 13,6%-ы – инженерлер, 9,64%-ы – ауыл шаруашылығы білімі және 21,28%-ы – басқа мамандықтардың өкілдері.
Фото: gov.kz