Ақтөбе облысының білім беру саласында 95,5 млн теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақтөбе облысының білім беру саласында 95,5 миллион теңге заңсыз жұмсалған
1,458
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Өңірлік департаменті 9 айда білім беру және жер қатынастары салаларында 2 сыртқы талдау жүргізген. Сонымен қатар өңірдегі жемқорлықтың жай-күйіне кешенді мониторинг және білім беру, құрылыс, экология, жолаушылар тасымалы, жүргізуші куәліктерін беру салаларында жемқорлыққа қарсы мониторингтер іске асырылған.

Білім беру саласындағы сыртқы талдау нәтижелерінің өзінде 95,5 млн теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Бүгінде оның 23,7 млн теңгесі бюджетке қайтарылды, – деді облыстық департамент басшысы Е.Саламатов.

Сондай-ақ Антикор экология саласындағы мониторинг нәтижесінде Шалқар ауданында табиғатты қорғау аймағын паспорттаудың болмау фактісін анықтаған. Бұл жағдай қоғамдық пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскелерін беру кезінде дискрециялық өкілеттіктердің болуына, осылайша жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алып келген.

Осыған байланысты  департаменттің ұсынымдарын орындау аясында облыс әкімдігі «Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақты құру жөніндегі жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасын» әзірлеген. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамаға бағытталған.

Сонымен қатар жолаушылар тасымалы саласындағы жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде департаменттің ұсынымдары бойынша бюджетке 3,2 млн теңге сомасында артық төленген субсидиялар қайтарылған.

Бұған қоса, Антикор Ақтөбе облысының бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға да жол бермеуде. Мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша биыл 1 млрд теңгеден астам көлемде үнемдеу жүзеге асырылған.