Бұл туралы оқытушы Дастан Қастай Facebook парақшасында жазды.
Дастан Қастай өзін еш себепсіз жұмыстан шығарған және ар-намысына нұқсан келтірген Университет басшылығының жазалануын және ҚазҰУ-дағы білім саясатының өзгертілуін талап етуде.
Жоғары оқу орнының оқытушысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ашық хат жолдады.
«Мен, ҚР азаматы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің оқытушысы Дастан Қуандықұлы Қастай академиялық әділдікті талап етемін! Оқытушылық жұмысымның алтыншы аптасы басталғанда ешбір «ойға қонымды» себепсіз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жұмыстан шығарылдым. Университет тарапы неліктен мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартты. Құрметті Мемлекет басшысы, министрлер, көз алдымда менің азаматтық құқым тапталып, оқытушылық болмысыма, кәсіби қызметіме нұқсан келіп жатыр. ҚазҰУ басшылығына, әміршіл-әкімшіл жүйені «шеберлікпен» жүзе асыратын жандарға «Тәуелсіздік ұрпағының» ұстанымы, санасы ашық азаматтық оқытушылық амбициясы ұнамаса керек. Менімен айқас жазушы-журналист «Кемел Тоқаев аудиториясы» ашылғаннан кейін басталды», – деп жазды Дастан Қастай.
Дастан Қастай жолдаған ашық хатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап қатты.
«Достар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің жас оқытушысы Дастан Қастайдың әлеуметтік желідегі ашық хатына байланысты оқу ордасының басшылығымен тікелей байланыстым және ұстаздарды жұмыстан шығару немесе қудалау фактілері болмауы керектігі бойынша кеңес бердім. Қазір Дастан Қастай бауырымыздың жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрық жоқ екенін және Журналистика факультетіндегі қызметін жалғастыра беретінін баршаңызға қуанышпен жеткіземін», – деп жазды министр.