Tengrinews.kz мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған видеода алты патруль көлігінің бірінен соң бірі көшеде келе жатқанын көруге болады. Оқиға орнында түсірілген кадрларда патруль көліктерінің саны одан да көп екені байқалады. Бұл желі қолданушыларын таңғалдырды.
"Бұл қоңырауды бүкіл полиция бөлімі күткен сияқты ғой", "Террористерді ұстағандай", "12-13 патруль көлігі жиналып қалды, бәрі сирена қосып алған. Бірақ полицияны шулағаны үшін жазалай алмаймыз", "Әдетте төбелеске мұнша көлік келмейді", - дейді пікір қалдырғандар.
Видео сипаттамасында төбелескендердің полицияға қарсылық көрсеткені айтылған.
Павлодар облысының Полиция департаменті жағдайға қатысты пікір беріп, полицияға ешкім қарсылық көрсетпегенін атап өтті.
"7 қазанда сағат 22.39 шамасында Павлодар полициясына дәмханада төбелес болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыруға автопатрульдер жіберілді. Жанжал үйлену тойында таныстар арасында болғаны анықталды", - деп түсіндірді өңірдің Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың бәрі арыз бен кез келген іс жүргізуден бас тартқан.
"Сонымен қатар полицейлер жанжалға қатысушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440 және 437-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырып, айыппұлдар салды", - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция тойға келген бес қонақтың тыныштықты бұзып, қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін жазаланғанын айтты. Бұл баптардың санкциясында 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.