Қазақстанның болашағы, барлық байлығы – халқы. Ал осы болашақты құру кезінде мемлекеттің дамуына үлес қосатын, еліміздің даңқын шығаратын, бейбітшілік пен берекені арттыратын, ол – жастар.
Мемлекет жастардың мемлекет үшін маңыздылығын айқыштай келе, олардың дамуына, кемелденуіне, тұлға болуларына барлық кешенді әрекеттер жасап, бағдарлама құрастырған. Осындай мақсаттарды адам иығына арту кезінде, берілген үмітті атқаруы үшін мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалды.
Әлем елдерімен салыстыратын болсақ, қазақстандық жастарда өздерін қалыптастыру мен жетістікке жетуіне мемлекет тарапынан көп мүмкіндік жасалған. Қазір білім ол тек күнделікті жейтін нанды табудың құралы ғана емес, сондай-ақ осындай күрделі заманда бәсекеге қабілетті болуға, қандай да бір ресурстарды иеленуге негіз болады. Сонымен қатар, кемел тұлғаның басты қабілеті мен қасиеті білімділігі болса, ал осы білім тәрбиемен қатар жүруі керек деген сөз. Бауыржан Момышұлы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған.
Қазақстан жастарының нарықта бәсекелестікте болуына мүмкіндік беретін білім беру жүйесі кешенді жоспарланған, білім алудың қолжетімділігі қарастырылған. Дегенмен қазіргі кезде елімізде арнайы салаларда кәсіби мамандардың, біліктілігі жоғары сарапшы-мамандардың жеткіліксіздігі де айқын көрініп тұр. Жастардың сапалы білім алуына қатысты бағдарламалардың жүзеге асуы өте маңызды. Себебі 30 жылдан аса тәуелсіз мемлекет тарихы бар елдің жастарының сапалы білім алуына деген жасаған үлесі де ескеріліп, айтылуы керек деген ойдамын. Бұл мақалада әлеуметтану ғылымы бойынша жастар тобы ретінде 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастардың білім алуына қатысты мемлекеттік саясат айтылады, дегенмен 18 жастан асқан адамдардың орта кәсіптік, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алулары қарастырылады.
1. Жастарға техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік саясаттың жүзеге асуы мен тиімділігі
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, қазір елімізде 770 техникалық және кәсіби білім беретін (ары қарай ТжКБ) оқу орны бар, оның ішінде 444-і мемлекеттік, ал қалған 326-сы жекеменшікте. Осы оқу орындарында 488,9 мың қазақстандық білім алуда, олардың ішінде 272,2 мыңы мемлекеттік мекемеде, ал 216,7 мыңы жекеменшік ұйымда білім алады. Қазақстандағы мемлекеттік саясат арнайы бағытта білім беретін білім беру мекемелері мен оның білім алушыларына кешенді қолдау жасауға бағытталған. Яғни, ТжКБ оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс негізінде 272,4 мың адам, ал ақылы негізде 199,5 мың қазақстандық білім алады. Мемлекеттік білім беру гранттары техникалық және кәсіби білім беру орындарында оқитындарға көбірек беріледі. Салыстырмалы түрде осы орындарда білім алушылардың шәкіртақысы да жақсы болып тұр.
Сурет 1. 2021-2022 оқу жылындағы ТжКБ беретін мекемелердің саны мен онда білім алатын адамдардың саны.
ТжКБ беретін мекемелерде білім алушылар үшін жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді, сондай-ақ білім алушылардың білім алу кездерінде экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шәкіртақының өлшемін өсіріп, жастардың тамақ және жол жүру шығындары да толықтай жеңілдіктер кешенінде жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр колледж студенттерінің шәкіртақыларын екі есе арттыратыны туралы айтқан болатын. Бұл шараның орындалуы туралы Оқу-ағарту министрлігі «2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 250 мың колледж студенттерінің, яғни мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылардың шәкіртақылары 50% артады. Ол орта шендегі мамандықтар үшін 20 948-ден 31 422-ге көтеріледі; жұмысшы мамандықтар үшін 21 787-ден 32 681-ге көтеріледі. Ал 2024 жылы шәкіртақылар 100% ұлғаяды» деп айтылған болатын.
ТжКБ білім беру мекемелерін жекешелендіру мәселесі де қарастырылуда, ол бойынша білім беру мекемелері дербестігінің арқасында қосымша қаржы табу арқылы өздерінің әлеуеттерін көтере алады. Сондай-ақ осындай мекемелерде жұмыс сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру шаралары да жасалады. Дегенмен ТжКБ орындарында берілетін білім сапасына аса ден қою керек, себебі мемлекеттің жаңа экономикалық даму бағдарында кәсіптік білімі бар азаматтар керек, ал ол тікелей сапаға негізделе отырып жұмыс істеуі шарт болып тұр.
2. Жастарға жоғары оқу орындарында оқуды қолжетімді ету мен білім сапасын арттыру
ЖОО білім алатын жастардың жасы 18-ден 22 жасқа дейін, дегенмен Қазақстанда білім алудың шектік жасының болмауы барлық адамдарға білім алудың мүмкін екенін көрсетеді. Бүгінде 2000 жылдары туу көрсеткішінің жоғары болуы алдағы уақыттарда ЖОО орындарында білім алуға мемлекеттік тапсырыстардың көбеюіне, білім алу орындарының және жатаханаларда көп орын салу қажеттілігін туындатады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2026 жылы елімізде 800 мыңнан астам студент болатыны айтылған, ол дегеніміз 2021 жылғы көрсеткіштерден 39,3% артық. Сондай-ақ 2022 жылы 22 мыңнан астам ғылыми кадрдың жұмыс істейтіні, ал оның ішінде 36%-ы 35 жасқа дейінгі жастар екен. Яғни, 1 миллион халыққа 1 172 ғалым білім береді, дегенмен бұл көрсеткіш 1990 жылдармен салыстырған кезде екі есе төмендеген.
Қазақстанда жастардың ЖОО біліммен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан көптеген кешенді бағдарламалар мен жұмыстар жүргізілді. Қазір еліміздің барлық аймақтарында ЖОО білім беретін орталықтар мен орындардың саны көп. Дегенмен төмендегі статистикалық деректерге қарап, еліміздің қандай өңірлерінде жоғары білім беретін орындардың көп екеніне тоқталу да маңызды болып тұр.
Сурет 2. 2022 жылы Қазақстан аймақтарының ЖОО білім алатындардың саны, мың адам.
2022 жылы қабылданған студенттердің жалпы санынан 65,2% жалпы білім базасында, 21% техникалық және кәсіптік білім беру базасында, 13,8% жоғары білім беру базасына қабылданған.
Ұлттық статистика бюросының ақпараттары бойынша, халықты жоғары біліммен қамту көрсеткіштері (18-22 жас аралығындағы ЖОО білім алатын студенттердің санының жалпы халыққа шаққандағы көрсеткіші) 2019 жылы 66,98 ең жоғары индекстен кейін 2021 жылы 62,64- ке дейін төмендеген. Бұл көрсеткіштер гендерлік айырмашылықтар негізінде де айқын көрініп тұр, яғни ерлерде бұл көрсеткіш 69,24 болса, әйелдерде 56,34-ті көрсетіп тұр.
Бүгінде елімізде педагогикалық бағытта білім алатындардың саны көбейген, бұған бірнеше себеп бар, оның бірі – ол мемлекеттің білім беру сапасын арттыру мен білім саласында жұмыс істейтін адамдарға жағдайдың жасалуы (олардың статустары мен жалақысының жоғарылауы). Сондай-ақ елімізде бизнес пен басқару, инженерлік сала мен медицина, денсаулық сақтау салаларында білім алатындардың саны көбейген. Осы салаларда да студенттерді жоғары шәкіртақымен қамтылған. Қазақстан жастарының сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған, ол жақсы шәкіртақы мен жәрдемақыларда қарастырылған.
Жоғарыда жыл сайын ЖОО білім алушылардың санының көбеюіне байланысты оқу орындарында жатақхана жеткіліксіздігі де айқын көрініп тұр. Бұл мәселе – Президенттің және мемлекеттік басқарушылардың басты назарында.
Жоғары білім алу жағынан Қазақстан барлық шетелдік білім алушылар үшін де жақсы мүмкіндіктер мен сапалы білімді ұсынып отыр. Қазақстандық жоғары оқу орындарының басты ерекшеліктері ол білім беру орталықтарында жоғары инфрақұрылым және білікті мамандардың көптігі де бар, сондай-ақ шәкіртақылар және ғылым мен білім саласындағы таланттар мен дарындарға кешенді қолдаудың жасалатыны, олардың еңбектерінің игерілетіні де жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына ықпал етіп жатқан себептердің бірі деп ойлаймын.
3. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім жүйесінің жастарға қолжетімділігі мен тиімділігі
Жыл сайын жастардың жоғары білім алуы үшін мемлекет тапсырыстарының саны көбеюде. Қазіргі кезде ҰБТ тапсыру кезінде шектік өтпелі көрсеткіштерді жинаған қазақстандықтар ЖОО білім алуға мүмкіндіктері салыстырмалы түрде он жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда мүмкіндіктері артты. Бакалавр деңгейінде білім алуды аяқтаған қазақстандықтардың сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейін магистратура мен докторантурада да білім алуға қолжетімділіктері артты, ал осы білім деңгейін бітіргендердің нарықта бәсекелестікке төтеп беру ықтималдықтары да арта түседі.
Қазақстандағы магистратура мен докторантурада оқу кезінде шәкіртақылардың жоғары болуы, білімнің сапасы, шетелде тағылымдамадан өту кезінде білім алушыны қаржылай қолдау мен әлемнің үздік кітапханаларында білім алуға жағдай жасалған. Сондай-ақ қазақстандықтарға әлемнің үздік ғалымдары мен сарапшылары келіп дәрістер оқып, олармен бірге тәжірибелік жұмыстарды атқару арқылы қазақстандықтардың сапалы білім алулары мен білікті маман болуларына жағдай жасалып отыр.
Аталған білім деңгейлері бойынша көптеген өзгеріс бар. Докторантурада білім алушылардың ғылыми дәреже алатын кезде олардың шетелде тағылымдамадан өту кезінде кешенді қолдау жұмысын қайта қарастыру қажет. Сондай-ақ қорытынды диссертациялық жұмысты қорғау нәтижесі ретінде өзіміздің қазақ тілінде шығарылатын оқулықтар мен оқу-құралдарын, маңызды ғылыми ақпараттарды қазақ тілінде жазуына қолдау қажет.
2022 жылы Еуразиялық экономикалық комиссиясы ЕАЭО құрамына кіретін мемлекеттерде жұмыс істейтін адамдардың білім деңгейлеріне талдау жасаған болатын. Нәтижесінде, Қазақстанда жұмыс істейтін топтағы адамдардың ЖОО білімі барлардың көп екенін көрсетті, ол 40,5%-ды көрсеткен. Ал бұл көрсеткіш одақта орта есеппен 35%-ды көрсетіп тұр. Қазақстанда 2021 жылы жұмысшылардың 92,4% кәсіптік білімі бар екені анықталған. Бұл көрсеткіш жоғары білімі бар жұмысқа орналасқандардың 40,5%-ын, колледжде немесе басқа да кәсіптік білім беретін мекемелерді оқығандардың 43%-ын және бастапқы кәсіптік курстарды бітіргендердің 8,9%-ын ескерген болатын. Ал қазақстандық жұмысшылардың 7,6%-ы ғана өздерінің түйіндемелерінде тек мектеп білімінің бар екенін және 0,01%-ы мүлдем білімі жоқтығын көрсеткен.
Біздің елімізде барлық жастағы адамдардың білім алуына мүмкіндік бар.
Айнұр БАҚЫТЖАНОВА