Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды.
"Жалғыз болған": ІІМ сарбаздың қазасына қатысты мәлімдеме жасады
1,328
оқылды

Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Aikyn.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 9 қазан күні, түнгі сағат 01.00-де Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде болғанын жазған едік. Мерзімді әскери қызметші, қатардағы сарбаз Қайсар Сұлтанов кезекшілік кезінде бекітілген штаттық қарудан өзінің басына жарақат салып, салдарынан қаза болды.

«Осы факті бойынша Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазір  оқиға орны қаралып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айғақтар, атап айтқанда қаза тапқан әскери қызметшінің ұялы телефоны мен бейнебақылау камераларының жазбалары алынды.

Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін Сұлтановтың әскери әріптестерінен, оның командирлерінен, басқа да адамдардан жауап алу, сондай-ақ тиісті кешенді сараптамалық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші тараптың уәждері де толық тексеріледі.

Тергеудің алдын ала нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда», – деді ҚР ІІМ Әскери тергеу департаментінің бастығы Серікбай Құсайынов.

Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмеді.

Фото: Halyq Uni