Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бас ғылыми қызметкері Жанат Момынқұлов Президент Тоқаевтың жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімі бұрыннан пісіп-жетілген, уақыты келген, саяси негізделген, аса маңызды мәселе екенін айтты.
Орталық Азияда су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі ортақ келісімді қайта жасау қажет
1,155
оқылды

«Осы уақытқа дейін елдегі су мәселелері Су ресурстары комитеті деңгейінде шешіліп, экологиямен байланыста қарастырылып келді. Ал көрші елдерде су мәселелері ұлттық агенттіктер (Ресей, Қырғызстан) және жеке министрліктер (Өзбекстанда – жеке «Су шаруашылығы министрлігі», ҚХР-да – «Су шаруашылығы министрлігі», Тәжікстанда – «Энергетика және су ресурстары министрлігі») деңгейінде шешіледі. Бейінді министрлік құру су саласының стратегиялық маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, су ресурстарын тиімдірек басқару жөніндегі мемлекеттік мүдделерді жан-жақты қарап, кеңінен қорғауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы жылдары еліміздегі су мәселелері, әсіресе Орталық Азия аймағындағы трансшекаралық өзен мәселелері, Арал теңізінің салдары өткір бола түседі. Бұған қоса, аймақтан тыс ірі көрші елдермен де ортақ өзен мәселелері бары рас. Осы ретте, алдағы кезеңде су дипломатиясын дамыту да қажет. Бұдан бөлек, қазір Каспий теңізінің және Балқаш көлінің де геостратегиялық салмағы арта түсуде», – деді Жанат Момынқұлов.

Ол Қазақстан жоғарырақ, таулы өңірде жатқан көрші елдермен бірлесіп, аймақта Кеңестік кезеңнен қалған су басқарудың тиімсіз тетіктерін қайта қарап, Орталық Азия аймағында су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі ортақ келісімдерді қайта жасасуы қажет деп есептейді.