ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мүгедектігі бар жандарды қорғау, оларға деген көмекті ұлғайту керектігін қозғап жүргенін сөз етті.
Мүгедектігі бар жандарға көмек барынша көрсетілуі керек - депутат
822
оқылды

Құрметті қазақ елі! Қадірлі азаматтар! Тағдырластар! Елімізде мүгедектігі бар жандар күні деп жарияланған болатын. Бірақ мен бұл күнді мүгедектігі бар жандарды қорғау күні деп айтар едім. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында мүгедектігі бар жандарды қорғау, оларға деген көмекті ұлғайту керектігін әрдайым айтуда және нақты тапсыруда. Өкінішке орай елімізде күннен күнге мүгедектігі бар жандар көбеюде. Елімізде 720 мыңнан астам мүгедек жандар бар, оның 62 пайызы еңбекке қабілетті жастар. Бірақ бізбен сіз болып, ел болып осы азаматтардың өмірге деген құлшынысын, сенімін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқаруымыз керек деп білемін. Тек қалалық жерлерде ғана емес, сонымен қатар алыс өңірлердегі мүгедектігі бар жандарға көмек барынша көрсетілуі керек және жағдай жасалуы керек деп білемін. Бүгінде Парламент қабырғасында инклюзивті Парламент құрылған болатын, ондағы негізгі жұмыс заң аясында мүгедектігі бар адамдарды қорғауымыз керек. Ол үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Өзім де әр депутаттық сауалымда осы мәселелерді билікке жеткізудемін. Себебі әрбір мүгедек жан өздерін толық сезінуі керек. Мемлекет тарапынан үлкен көмек болып тұрса, оларда ертеңгі күнге деген сенімдері артпақ.

Қазақстанның әр өңіріндегі, тағдырдың қиындығына мойымай алға қадам басып жүрген жандарға зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін! Аман болыңыздар, аман болайық ағайын! – дейді ол.