Алаяқтық және өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сот орындаушысы мүгедек әкенің балаларына төлеп отырған алиментін жымқырған
3,844
оқылды

Астана қалалық прокуратурасы қызметтен шеттетілген жеке сот орындаушыларының қаражат жымқыру фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың мәліметінше, екі жеке сот орындаушысы, қызметі тоқтатылғанына қарамастан, алты ай бойы 87 балаға алимент төлеуге арналған ақшаны өздері алып отырған. 

Мысалы, жеке сот орындаушысы 2-топтағы мүгедек әкенің әлеуметтік жәрдемақы есебінен балалар үйіндегі екі баласына аударған алиментін жымқырған.

Тағы бір жеке сот орындаушысы қайтыс болған алимент төлеушінің банк шотынан ақшаны шешіп алып, оны өз қажетіне жұмсаған.

Жалпы олар 5 млн теңге қаражат жымқырған.

Бүгінге, прокурорлардың араласуынан кейін 34 балаға залал өтелді, қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 

Алаяқтық және өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.