Былтыр 2020-2021 жылдармен салыстырғанда әуе тасымалына сұраныс 17% өскен.
Fly Arystan билетінің бағасы жылдан-жылға өсіп жатыр – Айдос Сарым
964
оқылды

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Қазақстандағы ұшақ билеті бағасының қымбаттауы жөніндегі мәселені көтерді. 

«Тұтынушылар мен сарапшылар қауымдастығы әуе тасымалы бағасы мәселесін үнемі көтеріп жүр. Бұл туралы талай депутаттық сауал да болды. Атап айтқанда, адамдар төмен бюджетті әуе компаниясы билет бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. Air Astana әуе компаниясының еншілес кәсіпорны Fly Arystan жолаушыларды қолжетімді бағадағы билетпен қамту үшін құрылған еді. Бұл ішкі туризмнің дамуына ықпал етуге тиіс болатын. Ал іс жүзінде лоукостер билеттерінің бағасы бас компания билетімен теңесіп, жылдан-жылға өсіп жатыр. Осындай баға масқара емес пе? Министр мырза, болашақта азаматтарымыз әуе билетін қолжетімді бағада сатып алу үшін министрлік қандай шаралар қарастырған?», – деді Айдос Сарым Көлік министріне жолдаған сауалында.

Көлік министрі Марат Қарабаев аталған мәселе бүгінде өте өзекті болып отырғанын айта келіп, негізгі себебін түсіндіріп өтті. 

«Мысалы, былтыр 2020-2021 жылдармен салыстырғанда әуе тасымалына сұраныс 17% өсті. Биыл 26%-ға өсіп отыр. Яғни, сұраныс бар, ал ұсыныс оған төтеп бере алмай отыр. Ол үшін ұшақтардың санын ұлғайту қажет. Былтыр 14 ұшақ сатып алынды, биыл жыл соңына дейін әуе компаниялары тағы 11 ұшақ алады», – деп жауап берді министр.

М.Қарабаевтың сөзінше, алдағы уақытта қазақстандық ұшақтардың саны 100-ге жетеді және ондағы орындық саны 12 мыңнан 15 мыңға артпақ.

«Оған қоса 2024-2025 жылдары тағы 14 ұшақ сатып алу жоспарланып отыр. Екінші мәселе, әрине, бәсекелестікті дамыту керек. Бұл бағытта Fly Arystan-ды Air Astana әуе компаниясынан жеке шығарып жатыр. Нәтижесінде 4 әуе компаниясы болады, осылайша бәсеке артады. Оған қоса шетелдік әуе компаниясын тартып, 5-ші компания ретінде дамыту жоспары бар», – деді Марат Қарабаев.