Қазақстанға белгілі актер Асқар Жұмабеков басына түскен қиын жағдай туралы айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұрады. Актердің айтуынша, қалталы азаматтардың кесірінен жазықсыз бір топ жігіт сотталып кетуі мүмкін. Аталған мәселеге қатысты ол өзінің Instagram-дағы парақшасында бейнеүндеу жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқиға былтыр 27 желтоқсанда Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы караокелердің бірінде болған. Асқар Жұмабековтің сөзінше, сол жерде ауқатты адамдардың ұлдары төбелес шығарған. Ал актер төбелескен жігіттерді ажыратпақ болып, араша түскен.
«Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, құрметті Президент, Сізден өтініп, көмек сұрағым келіп тұр. Мына видеоны түсіруге мәжбүр болып тұрмын. Себебі басымда бір іс болып жатыр. Құрметті сот, өзім халықтың алдында жүрген адаммын, өнер адамымын, актермін. Сол себепті осы видео сізге жетеді деген үміттемін, – деді актер.
Актер 10 айдан бері үйқамақта отырғанын мәлімдеп, жақында осы оқиғаға қатысты сот үкімі шығатынын айтты.
«Мен мына видеоны өзімді қорғау мақсатында, сізден көмек сұрау мақсатында түсіріп қойып жатырмын. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен ажыраттым. Ешкіммен төбелескен жоқпын, құрметті Президент. Егер де ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай болып жатса, осы видео бүкіл Instagram желісінде тараса екен деймін. Ол жерде ауқатты кісілердің ұлдары болған. Сол себепті кімге барып көмек сұрасаң да, басын алып қашады. Себебі қорқады. Мына видеоны өзім түсіріп отырмын. Өйткені басқа мүмкіндік қалмады, құрметті Президент. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын Сізден», – деді Асқар Жұмабеков.
А.Жұмабеков аталған іс бойынша тағы бірнеше жігіт жазықсыз сотталғалы жатқанын айтты. Алайда олардың нақты кімдер екені жөнінде ақпарат жоқ.
«Біз қай елде тұрып жатырмыз? Бізде ақша жоқ болса, біз сонда бәріміз қамала беруіміз керек пе? Егер сондай болса, онда біз Қазақстан елінің азаматы болмай-ақ қояйық», – деді ол.