Күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады.
240 адамды алдаған қаржы пирамидасының басшысы Украинадан экстрадицияланды
991
оқылды

Украина Бас прокурорының кеңсесі Қазақстан  Бас прокуратурасының LIDER қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ол 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшалай салымдарын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен 240-тан астам азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстарды жасағаннан кейін, ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, салдарынан халықаралық іздеуге жарияланған», –  делінген Бас прокуратура хабарламасында.

2023 жылдың тамызында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады.

«Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады», –  делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.  

Жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін оған 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.