Егемен ел болғалы жоғалтқанымызды іздеп тауып, ұмытуға шақ қалған ұлттық ойындарымыз қайта жаңғырды.
Ұлттық спортты кім ұлықтайды?
631
оқылды

 Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы ұлттық ойынның 300-дей түрі болғанынын жазса, қазір оның 20-дан астамы ғана халық жадында сақталған. Осыдан-ақ оларды ұлықтаудың қажет екені айтпаса да түсінікті. Ауыл-аймақтарда, республика көлемінде жарыстар өткізіліп келеді. Тіпті халықаралық деңгейде де дүбірлі додаларда спортшыларымыз сынға түсіп жатыр. Дегенмен де кейбір өңірлерде ұлттық спорттың насихаты кем болып тұр.

Қазақстанда төрт жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті.  Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы бас-қасында жүрді. Асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақтан мықты өңірлер анықталды. Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты. Түркістан облысы жеңімпаз атанып, екінші орынды Астана қаласы, ал үшінші орынды Жамбыл облысы иеленді. Абай және Ұлытау облыстарының командасы бар-жоғы төрт спорт түрінен сынға түсті. Екі өңірде жекпе-жек, жамбы ату, бәйге, аударыспақ, теңге ілумен айналысатын ешкім жоқ дегенге сену қиын. Тіпті қазақ күресі мен асық атудан спортшы әкеле алмаған өңірлер табылды. Бүгінде ұлттық спорт түрлерінен 11 федерация бар десек, фестивальді жамбы ату, көкпар, құсбегілік, асық ату, теңге ілу федерациялары ғана қолдаған. Ал қалған федерациялар дүбірлі доданы өткізуге селқос қараған. Әр спорттың басында тұрған федерациялар жік-жікке бөлінбей, керісінше осындай додаларда бас қосып, бірігуге тиіс емес пе еді? Әлде ол жақта  ұлттық спортқа жаны ашитын ешкімнің болмағаны ма?

Мысалы, жақында "Жамбы ату" федерациясының мұрындық болуымен жамбы атудан жастар мен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Мұндағы мақсат жас жеткіншектерді қазірден спортқа баулу, мықтыларды анықтап, құрамаға қосу еді. Әр өңірден атқа мініп, садақ ата алатын жас өрендер шақырылды. Дүбірлі додада үш күн бойы жас спортшылар шеберлігін көрсетіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Ұлытау, Абай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан бірде-бір қатысушы келмеді. Мұндай жарыстар, фестивальдер ұлттық спортымызды насихаттап қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстану мен жастарды отанын сүюге тәрбиелейді. Сондықтан ең алдымен ауыл-аймақта ұлттық спортқа деген қы­зығушылықты арттыру керек.

Биыл Алматыда 2028 мектеп оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойнап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Бұл да  ұлттық спортымызды ұлықтаудың бір жолы емес пе?

2022 жылы жарияланған статистикаға сәйкес, елімізде жарты миллионға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Олардың басым бөлігі көкпар тартып, атын бәйгеге қосатын оңтүстік өңірлердің тұрғындары екені жасырын емес. Солтүстік және шығыс өңірлерде жағдай көңіл көншітпейді.

Жапонның дзюдосы секілді қазақ күресін Олимпиада ойындарына қосқымыз келеді. Тоғызқұмалақ шахмат секілді барша әлем ойнайтын ойын болса дейміз. Алайда ұлттық спортымызды дамытуға үкіметтен там-тұмдап қана ақша бөлінеді. Елімізде ең алдымен олимпиадалық спорт түрлеріне назар аударылады. Төрт жылдықтың дүбірлі додасына дайындық жасауға ел қазынасынан миллиардтар аударылады. Былтыр респбуликалық бюжеттен ұлттық спортты дамытуға бар-жоғы 150 млн теңге қарастырылған. Оның өзі Қазақстан құрамасын Түркияда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына апаруға, спортшылардың ұлттық спорт түрлерінен өтетін Азия чемпионаттарына, халықаралық кубоктар мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге, республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуге жұмсалған. Былтыр Бейжіңде өткен қысқы Олимиадаға қатысатын спортшылардың дайындығына Қазақстан 3,5 млрд теңге жұмсаған (https://ru.sputnik.kz/20220223/kazakhstan-potratil-35-mlrd-tenge-na-podgotovku-sportsmenov-k-zimney-olimpiade-23028498.html ). Ал Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына 15 млд теңге бюджет қаржысы кеткен. Құрама формасының өзіне 824 млн теңге тұрады. (https://www.sports.kz/news/skolko-kazahstan-potratil-na-natsionalnyiy-olimpiyskiy-komitet-v-2020-godu ). Тек қола медаль бұйырған ел тарихындағы ең нашар Олимпиадаға дайындалуға жұмсалған қаржы мен ұлттық құндылығымызды ұлықтап, сан ғасырдан келе жатқан ойындарымызды жаңғыртуға бөлінген қаржыны өзіңіз салыстырып көріңіз.

Спорттың олимпиадалық түрлеріне ертеден ерекше көңіл бөлінеді. Материалдық базасын нығайтуға, спортшыларды даярлауға республикалық бюджеттен жыл сайын миллиардтар жұмсалады. Ұлттық спорт дамуы үшін де дәл сондай жағдай жасалуы керек. Елімізде атшабарлардың саны елуге жетпейді. Әр өңірде ірі атшабарлар, жабық ат спорты манежі болуы қажет. Өйткені көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ секілді спорттармен айналысу үшін астыңда атың болуға тиіс. Ал оларды баптау, жем-шөбін беру, жарыстарға тасымалдау да қаржыны талап етеді. Бұл құсбегілікке де қатысты болып отыр. Сондықтан өңірлерден келетін спортшылар жарыстарға үйреткен тұлпарын қоса алмай, өзгенікін мінуге мәжбүр. Тіпті осы себептен кейбірі жарысқа келе алмай да қалады.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту алғаш қолға алынған жылдары әрбір облыста атшабарлар мен көкпар алаңдары салынып, ат спорты мектептері ашылды. Алайда уақыт өте келе мұндай нысандардың көпшілігі қараусыз қалып, пайдаланылмай бос тұр. Кей өңірде жөні түзу атшабар жоқ, яғни сапасы сын көтермейді. Спорт инфрақұрылымының жағдайымен қоса, ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлайтын арнайы бірде-бір орталық жоқ. Бір ғана бапкер 150 көкпаршыны жаттықтырады. Өз өңірінде жаттығатын орын, даярлайтын бапкер болмағандықтан спортшылар ұлттық спортқа ден қойған облыстарға ауысуға мәжбүр. Жағдайдың жоқтығынан ұлттық спорттан қол үзгендер қаншама.

Бір өңірде азаматтар ұлттық спортты дамыту үшін барын салып жатыр. Енді бірінде оған жаны ашитын ешкім жоқ. Сонда көкпар мен бәйге, жамбы ату мен аударыспақ кімге керек? Қазақ халқына тиесілі спорт түрлерін өзімізден басқа кім дамытады? Жоғалтқанымызды жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау ұлтжанды тұлғаларға ғана артып қояр іс емес. Өңір басшылары мен Үкімет мүшелері, заң шығарушы органдар да бұған назар аударуға тиіс. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын "Ұлттық спорт туралы заң" қабылдау туралы ұсыныс жасалған. Ол да айтылды. Айтылған жерінде қалды.

 Келер жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің жүзден аса елінен 3000-нан аса спортшы келеді. Сол кезде ұлттық спорттың деңгейі көрініп, жоғы білінеді. Мәдениетіміз бен өнеріміз, тарихымыз бен болмысымыз, салт-дәстүріміз көрініс табатын ұлттық спортымызды бүкіл әлемге паш еткіміз келеді. Ол да дұрыс шығар. Бірақ өз ішімізде, халық арасында насихаттай алмай жатқанымыз көңілге кірбің ұялатады.