"Қазақ халқының асыл қазынасы, тарихтың қилы кезеңдерінен бүгінгі күнге аман-сау жеткен киелі аспап домбыраны менсінбеушілік, ұшаққа кіргізуді мұң қылып, жауапты тұлғалардың ат-тонын ала қашу фактілерінің соңы жақсылықпен аяқталмасы анық.
Аталған әуе компаниясы осымен бірнеше рет қолымдағы домбырамен әрі алысып, бері алысып, мені ғана емес, бүкіл қазақты тығырыққа тіреп отыр.
Алғашында домбырама бөлек орын алуды талап етіп, call center-ге хабарласып сол жақтан шешіңіз деді. Call центры телефон көтермейді. Не почтаға жазған хатқа жауап бермейді. Сайтта “аспапқа арналған орын” қарастырылмағандықтан жол жүретін адамның жүйкесін жұқартып бітіреді!
Шымкенттен қайтар жолда көңіл күйімді одан да қатты бұзып билетпен бірге орын сатып алуға да рұқсат бермеді. Өз жерімде киелі домбырамды алып жүре алмасам өзегіме сын деп бортқа алып кірдім. Мәселені алдын ала шешуге құлықсыз болған басшылар аспаппен бортқа кіретінімді біліп жетіп келді. Кінә өздерінен екенін жеткізіп, қоңырау шалсаң Call центрдың қоңырауға жауап бермегендерін, билет алып жатқанда инструментты қосу бөлімі қарастырылмағанын, қызметкерлердің бос орын алуға мүмкіндік бермегенін жеткіздім. Бұл адамдар халықпен санасып, жағдайдың ушығып тұрғанында ісі жоқ, тек менімен алысып, шығарып жібермекші болды", – дейді Айшолпан.
Ең сорақысы, ақынды құдды бір қылмыскерді құрықтағандай полиция шақырып, рухын сындырғысы келген. Тек үлкен ақсақалдардың, көпшіліктің сынына ұшырап, резонанстың ұшын байқаған соң ғана “сатылмайтын”, “берілмейтін” орын ғайыптан пайда бола қалды.
"Осылайша 7000 теңгеге орын алып домбыраны да, намысты да әрең сақтап қалдық.
Рухты елім! Өр мінезді қазағым! Бұл – жеті мың теңгенің жыры емес, бұл – бір ақын қыздың жанайқайы емес, бұл – ұлттық трагедия!
Мені екінші рет тығырыққа тіреп, намысымды таптаған FlyArystan компаниясының басшыларына бойкот жариялауға да хақым бар! Осы хатты таратыңыздар, басшыға жетіп күллі қазақтан кешірім сұрасын! Қызметкерлерінің надан, сауатсыз шешімін түсіндірсін! Тез арада мәселені шешсін. Асыл домбыра бұдан былай әуе компаниялар тарабынан қорланбасын! – деп жазды Айшолпан Тілеутай.
Осы оқиғаға қатысты FlyArystan компаниясы былай жауап берді.
"Музыкалық аспаптарды FlyArystan бортында тасымалдауға болады.
Домбыраны және басқа да музыкалық аспаптарды FlyArystan ұшақ борттарында тасымалдауға рұқсат етіледі. Алайда, жолаушы тасымалдау ережелерін ұстану міндетті.
Егер музыкалық аспаптың кез келген түрі қорабымен өлшемі 56x23x36 см-ден асса, қолжүк ретінде тасымалдауға рұқсат етілмейді. Бұл жағдайда билет сатып алмас бұрын жолаушы “Музыкалық аспапты тасымалдау” қызметін (жолаушының қасындағы қосымша орын) контакт центр арқылы рәсімдеуі керек.
Бұл көптеген лоукост әуекомпаниялар қолданылатын халықаралық тәжірибе. Осы ереже борттағы барлық 188 жолаушыға қолжүгін орналастыру құқығына кепілдік береді, сондай-ақ құралдың бұзылуын/бүлінуін болдырмау үшін қолданылады.
Біздің контакт центр 24/7 байланыста екенін еске саламыз. Жолаушыларымызда бізбен кез келген уақытта байланысу мүмкіндігі болуы үшін, біз арнайы бірнеше байланыс түрлерін ұсынамыз. Яғни, тек қана телефон арқылы ғана емес, сонымен қатар Live Chat және WhatsApp арқылы байланысуға болады.
Тексеріс нәтижесінде, Айшолпан Тілеутай атты жолаушы бізбен сәтті байланыс орнатқаны анықталды.
Хат алмасу барысында контакт-центр қызметкері жолаушыны қажетті ақпаратпен таныстырып, барынша көмектесуге тырысты. Алайда, ұсынылған шешімдер жолаушыға сай келмегені өкінішті-ақ.
Музыкалық аспаппен саяхаттайтын жолушыларымызды ресми сайтымызда көрсетілген ережелермен алдын ала билетті сатып алмас бұрын мұқият танысып, дайындалуын сұраймыз.
FlyArystan әуекомпаниясы қазақ халқына, тіліне, мәдениеті мен тарихына зор құрметпен қарайтынын мәлімдейміз. 4 жыл ішінде біз тек қолжетімді билеттерді ғана емес, сонымен қатар көптеген мәдени, рухани шараларға ат салысып, ұлттық өнердің дамуына өз үлесімізді тигізіп келеміз. Алайда, біз лоукост моделі бойынша жұмыс істейтін әуекомпания болғандықтан, қауіпсіздік пен жолаушылардың жайлылығы бірінші орында және ережелерді қатаң ұстанамыз", - делінген компания мәлімдемесінде.