12 шілдеде Мемлекет басшысы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, сондай-ақ болашақта активтерді заңсыз иемденуге ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» Заңға қол қойды. Бұл заң жобасына «AMANAT» партиясының депутаттары бастамашы болып, жүйелі әрі кәсіби жұмыс жүргізді. Бүгінде заңның барлық нормасы нақтыланып, жүзеге асыруға әзір тұр.
Алайда, заң қабылданғаннан бері 3 ай уақыт өтсе де, әлі нәтиже жоқ. Елдегі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бюджетке қазірдің өзінде қаражат түсуі керек еді. Осыған байланысты бірқатар сұрақ туындайды. Заң қашан күшіне енеді? Капиталды қайтару жұмысын жүзеге асыруға кім жауапты? Заң шеңберінде активтерді қайтарудың құқықтық тетіктері қандай? Осы мәселелерді Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Бәшімов те көтерген еді.
Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеу мақсатында «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында талқылау өтті. Жиынға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Башімов, ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова және өзге де сарапшылар қатысты.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» баспасөз мәслихатында жыл соңына дейін 180 млрд теңге көлеміндегі қаражат мемлекетке қайтару көзделіп отыр.
Қазір мемлекеттік және өзге де өкілетті органдардың келісімі мен қосымша актілер қабылдану үстінде.
Фото: sputnik.kz