Целиноград ауданына қарасты Мортық ауылының тұрғындары жылдан астам уақыт бойы ауылдың түбіндегі көл үшін күресіп келген. Алайда, ауылдағы ағайынның тіршілігі мен қажетіне жарап келген көл ақыры жекеменшікке сатылып кетті. Тұрғындар Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың іске араласуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz
Ақмола облысындағы көл 757 мың теңгеге сатылған
1,120
оқылды

Ауылдың жанындағы жалғыз көл үшін Мортық ауылының тұрғындары өткен жылдан бері дауласып келеді. Жылға жуық уақыт бойы қақпаған есігі, жазбаған жері қалмаған жұрт күні бүгінге дейін көлдің біреудің меншігіне кетіп қала ма деп алаңдайды. Алайда ауылдағы ағайын жуырда ауылдың атымен аттас Мортық көлінің аукционға ақыры сатылып кеткенін анықтады. 

Аталған аукционда Мортық көлі жеке тұлғаға бар-жоғы 757 мың теңгеге сатылып кеткені белгілі болды. Бірақ тұрғындардың айтуынша, көлді сату тұрғындардың еш келісімінсіз жүзеге асырылған. 

Ақмола облысы Табиғи  ресурстар басқармасының ресми жауабына қарағанда,  өткен жылдың 9 желтоқсанында GOSREESTR электронды порталында аукцион әдісімен көлді сатуға конкурс өткізілген. Байқауды Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырыпты. 

Айдың-күннің аманында көлдің сатылып кеткеніне наразылық білдірген тұрғындар «Конкурс қатысушыларына ұсынылатын біліктілік талаптар мен аң аулайтын жерлер және және балық шаруашылығы су қоймалары мен учаскелерін бекіту бойынша конкурс өткізу ережелеріне» сәйкес балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту жергілікті тұрғындар мен қауымдастықтың су қоймасын бекітуге келісім бермегенін айтып Целиноград аудандық мәслихатына жүгінген. 

- Куәлікке сәйкес су қоймаларын тексеру актілері мен сараптамалық қорытындыларды беруді негізсіз деп санаймыз. Яғни, аккредиттеу туралы куәлік тексеріс жүргізуді жүзеге асыруға және балық шаруашылығы су қоймасының төлқұжатын беруге құқық бермейді. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Мортық көлінде төлқұжат беру және тексеріс жүргізуге құқық бермейтін ұйымның құжатын қосып алған, - дейді ауылдың белсенді тұрғындары. 

Тұрғындар мұнымен қоса Ақмола облыстық мәслихатына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атына өтініш жолдаған. Жергілікті облыстық мәслихат тұрғындардың уәжімен толықтай келісіп отыр. Мәслихат көлді сату кезінде нормативтік-құқықтық актілер талаптары өрескел бұзылған деп санайды. 

- Мортық ауылы тұрғындарының өтінішінде көрсетілгендей тиісті нормативтік-құқықтық актілер талаптары бұзылғандықтан,  Мортық көлі аукционын жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдау және аталған мәселе бойынша нормативтік-құқықтық актілерге тезірек өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз, - дейді жергілікті мәслихаттың жауабында. 

Мәслихат  ауыл тұрғындарының өтінішін қарастырып,  аң аулайтын жерлер мен балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту бойынша барлық конкурстарда ауылдық округтар қауымдастықтары өкілдері және мәслихат депутаттарын қатысуымен тексеріс жүргізуді қарастыруды сұрап отыр.

- Экология министрлігі тұрғындардың өтінішін тиісті түрде қарастырмаған және заңдылықты қамтамасыз етпеген жағдайда құқықтары заңмен қорғалуы тиіс тұтас халық түгелдей көтеріліп үлкен әлеуметтік шиеленіс туындайды, - дейді облыстық мәслихаттан. 

Әзірге көлдің алдағы тағдыры қалай болары белгісіз. Даудың ұзаққа созылатын түрі бар. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы