Қызылордада мектеп оқушылары үзіліс кезінде де асық ойнайды. Балаларды ұлттық спорттың бұл түріне ұстаздары баулыған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қызылордада мектепте ұлдар мен қыздар асық ойнайды
1,158
оқылды

24.kz жазғандай, асық ойыны – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Ал білім мен тәрбие қашанда егіз болуы керек, – дейді үйірме жетекшілері.

Корей ұлтының өкілі Милана Цой «Бес асық» ойынымен бес жылдан бері шұғылданып келеді. Аймақтық біріншіліктерде бірнеше рет топ жарған. Қазақтың ұлттық ойыны тез шешім қабылдап, ширақ болуға үйретеді.

"Қазір жастар интернетте ойындарға көп уақыт өткізеді. Ал біздегі «Бес асық» он екі мүшеге жақсы. Бәріне мықты денсаулық береді. Алдағы жоспарым соңына дейін жету. Бірінші орын алу облыстан, республикалыққа шығу, – деді Милана Цой.

«Бес асық» спорты үшін мектепте арнайы бөлме жабдықталып, үйірме ашылған. Ұлттық спорттың бұл түрі «денсаулыққа тигізер пайдасынан бөлек, отбасындағы қарым-қатынасты да реттейді» дейді үйірме жетекшісі Гүлнәр Асайбұлдаева.

"Ата-аналармен біз тығыз байланыстамыз. Осы қыздарым менің үйінде апаларымен, тәтелерімен, аналарымен ойнап жатыр. Бұның қуантарлық жағдайы – бір-бірімен қарым-қатынас өте тығыз, ата-анамен де. Ал ұлдар жағы «Асық ату» үйірмесіне қатысады. Олар тіпті сабақ арасындағы үзіліс уақытында сақа шиіруді әдетке айналдырған", – деді Гүлнәр Асайбұлдаева.

Балалар бұл жерде тек дәлдікке қана машықтанбайды. Асық ату федерациясы бекіткен арнайы ережеге сай үйренеді.