Алматыда Орталық Азия елдері әйелдерінің диалог алаңында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Орталық Азия әйелдері гендерлік теңдік, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселесін талқылады
624
оқылды

Алматыда Орталық Азия елдері әйелдерінің диалог алаңында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан 2023 жылы Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалықты қабылдады. Бұл – өңірдің әйел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған халықаралық платформа.

Конференция аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан парламенттерінің депутаттары, қатысушы елдердің мемлекеттік органдарының басшылары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері және қоғам қайраткерлері кездесті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева бүгінгі таңда әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі қақтығыстардың өршуі мен тұрақсыздықтың артуы әйелдердің рөлі мен жағдайын қиындатқанын атап өтті.

– Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайда мұның маңызы ерекше. Соның әсерінен әйелдер де, балалар да қоғамдағы ең осал топ ретінде құрбан болуда. Ал бүгін біз талқылап отырған күн тәртібін қарулы қақтығыстар мен гуманитарлық апаттар кезіндегі әйелдердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі шешу қажеттілігі призмасы арқылы қарау керек, – деді Мәжілістің вице-спикері.

Сонымен қатар Дания Еспаева әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік зорлық-зомбылыққа байланысты мәселелерге назар аударды. Қазақстан оған қарсы өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруге шақырады. Осы бағыттағы тиімді қадамдардың бірі Еуропалық Одақ пен БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою жөніндегі аймақтық бастамасын іске қосу болды. («SpotLight», Жарық сәулесі). Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапты.

Бұдан әрі Мәжілістің вице-спикері Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын, онда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыруға бағытталған бөлім бар екенін, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қарарларын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-әрекет жоспары қабылданғанын айтты.

Ол Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік даярлық орталығы (Қазцент) базасында сертификатталған курстар аясында әскери кеңесші-әйелдерді даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Бұл ретте әйел әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының 13,7%-құрайды, олардың 10-ы басшылық лауазымдарды атқарады.

Вице-спикер қазақстандық әйел дипломаттардың қарусыздану, таратпау және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық келіссөздер мен консультациялардағы рөлі туралы айтып берді.

Конференцияға қатысушылар сессиялар аясында тақырыптық талқылауды жалғастырды. Олар Орталық Азиядағы қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-тегеуріндерді және өңірдегі «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін ілгерілету мүмкіндіктерін қозғады.

Сондай-ақ алаңда қатысушы елдердің белсенді әйелдері халықаралық ұйымдардың өкілдерімен диалог жүргізді. Талқылауға БҰҰ-әйелдер құрылымы Өңірлік кеңсесінің кеңесшісі Наргис Азизова, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы өкілі Ганс Фридрих Шоддер және Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция соңында қатысушылар өңірде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» Қарарын іске асыру бойынша жұмысты күшейту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттемелері бар қорытынды құжатты қабылдады.

 Анықтама. Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйелдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң.

 

Диалог 2020 жылғы желтоқсанда басталды. Өткен жылдары оған Өзбекстан (2021) және Түркіменстан (2022) төрағалық етті.  Диалог БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия өңірлік орталығының, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер ұйымының қолдауымен құрылып, жұмыс істеп келеді.