Аяусыз ажал қазақ қоға­мы­ның қабырғасын қайыс­тырып кетті. Айтулы ақын, Мем­­ле­­кеттік сыйлықтың лау­­реаты Несіпбек Айтұлы 73 жас­­­тан ас­қан шағында өмірден озды.
Бұл бәйтерек құламайды
2,438
оқылды

Қазақ поэзиясының қатепті қара нарына айналған айбоз ақынның артында көркемсөз бен көсемсөзді қатар үкілеген мол мұрасы қалды. Кең тынысты эпикалық поэмалары мен лирикалық өлеңдері арқылы ол қазақ жерінің азаттығын, Қазақстанның тәуелсіздігін жырлап өтті. Осы жолда жанын пида еткен қаншама біртуар  тарихи тұлғаларды қайта тірілтіп, тарихи оқиғаларды қайта жаңғыртқан аяулы аға осынау аласапыран жылдар рухын қазақ жұртымен қайта қауыш­­тырды. Оның поэмаларын Алаш жұр­­тының қаһармандық тарихы мен еркіндік аңсарының ауқымды пано­рамасы, Астана жұртының шежіресі деуге болады. Бір-ақ мысал – Не­сіпбек Айтұлының Ұлы даланың қа­сиетті топырағы үшін күрескен Ке­несары бастаған ерлер туралы  «Ақ­­­­­­­­мола шайқасы» поэмасы да, осы тақырыпқа сабақтас туған  «Жер – жаннан қымбат» дастаны да елорда­­ның терең тарихынан сыр шертеді.

Абзал жанның саналы ғұмырын азаттық тақырыбына арнауы да тегін емес. Тағдыр жазуымен 1950 жылы  Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ол тек 12 жасында ғана ата-анасымен бірге атамекенге оралған екен. Орта мектепті бұрынғы Семей облысына қарасты Баршатас ауылында оқыған. Алғашқы «Бала­лық» атты өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде жа­рық көрген. 1974 жылы Қазақ мемле­кеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң да алғашқы еңбек жолын осы газетте бастаған. Ал «Қанатқақты жырлар» топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, тұңғыш кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық кө­­ріпті. «Қозыкөш» деп аты айтып тұр­­ғандай, атакүлдікке деген сағы­ныш, азаттыққа деген аңсар бала кезден-ақ жас ақынның тамырында рух болып бұлқынып жатса керек. Оған дәлел – автордың мінезіндей болған небір адуынды жырлар мен болмысын түлеткен небір лирикалық сырлар өмірге келді. Олар «Жүректегі жаңғы­рықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», «Көз жасым», «Бөрітостаған», «Ерлікке ес­керткіш», «Сардар», «Құланойнақ», «Арқатірек», «Наурызбай», «Ту», «Сарайымнан шыққан сөз», «Дариға, дәурен», балаларға арналған «Бала­бақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме», «Қар­­таймайды күн неге?» атты кіта­п­тары жарық көрді.

Несіпбек ағаның тағы бір қыры – аудармашылығы еді. Бүгінде артында Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың  «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәж­нүн»  дастандары, «Игорь жорығы туралы жыр» және тағы да басқа тәржімә кітаптары мұра боп қалды. Ол түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміренің, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуевтардың өлең­­дерін ана ті­­лімізде сөйлетті. Сондай-ақ ән мен әуез жанрына да шы­­ғар­­­машыл жанның өзіндік қолтаңбасы қалды. Оның «Ән-домбыра», «Са­рыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен», «Қазақтай ел қай­да?» секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы  әніне айналды.

Несіпбек Айтұлы – суреткер ғана емес, қазіргі қазақ  қоғамында қа­лыптасқан өзекті мәселелер, ұлты­­­мыздың жарқын болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін елеулі оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап отыратын еркін ойлы  қаламгер де. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан тыс қалған емес.  Оның осы бағыттағы  мақалалары мен сұхбаттары  «Са­­­райымнан шыққан сөз» деген атпен 2014 жылы жеке том болып жарыққа шықты.

Ақын шығармаларының әр бір туындысы – бір-бір төбе. Соның ішінде азаттық монументіне жырдан ескерткіш қойған оның «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланып, 2004 жылы Мәде­­ниет министрлігі жариялаған Респуб­­ликалық патриоттық әндер конкур­­сының жеңімпазы атанған еді. Ата-баба арманы орындалып, еліміз Тәуелсіздік алған, әлемдік қауымдас­­тықтан мәртебелі орынын иеленіп,  жаңа Астана бой түзеген шақта ақын перзенті тәбәрікке жүректен шыққан жырын тарту еткен болатын. Осы «Бәйтерек» балладасы – елорданың ғана емес, күллі Қазақ елінің  арман-мұратын әйгілеген рәмізі болса, Не­сіпбек аға да қалың оқырманының жүрегінде поэзия бәйтерегі болып қалды. Жазымыштың жазуына не шара... Енді бүгінде қазақ поэзия­­сының бәйтерегі құлады. Мәңгілік мекенін ғұмырының соңғы 20 жылы өткен осы Сарыарқа даласынан тапты. Қаралы хабар қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Aiqyn газетінің ұжымы да ақын ағамыздың отбасына, ағайын-туыстарына қайғы­­сына ортақтасып көңіл айтады.

 

Қош бол, аңқылдаған ақ көйлек аға-досым!

Анау жолы Несіпбек ағамыз аяқ ас­тынан оңбай жығылып, соңынан қайыра тұрған кезде – «уай, тәубе!» – деп бар­шамыз қуанып қалып едік. Өзі де рухы мық­ты, байтақ мінез, санасы сара азамат қой, бұдан былай дүр сілкініп жүріп кетер деп Алладан үміт еткеніміз рас. 

Бірақ опасыз сырқат опындырмай қой­майды екен, ақыры алып жыққан сияқты. Өмірін жырмен құндақтаған санаулы саңлағымыздың бірі, аңқылдаған ақкөйлек ағамыздың, жөні бөлек, жосығы ерек досымыздың өмірден өткенін естідік. Айдың-күннің аманында қазақтың жам­поз жыры ойсырап қалғандай күйге түс­тік. Қаралы хабар еңсені езіп, көңілді құ­лазытып, қабырғамызды қақыратып жіберді. Мұндай қаралы сәттерде байырғы базарлы кезіміз, байрағай да тайрағай алаңсыз бозбала шақтар, келмес күндер еске түседі екен... 

Нес-ағаңмен бірге біздің де қызыққа толы жастық дәуреніміздің көп күндерінің бірге өткені бар. Кейінгі есейген сән мен салтанаты мол  жылдар, қызметте жүрген ереуіл күндер, Астанаға көшкен қарбалас қызықтар – күні кешедей бәрі-бәрі жа­дымызда. 

Бозбала шағымызда Нес-ағаң «Бал­дырғанда», біз Тұрсын Жұртбай екеуміз «Білім және еңбек» журналындамыз, бір қабатта тұрамыз, құдайы көршіміз. Бірде тығыз тапсырмамен жазу жазып, редак­цияға таңғы сегізден келіп отыр едім, бөл­меме Несіпбек кіріп келсін... 

«Таң атпай бұл ағамыз не істеп жүр?» деп таңданып қалдым. Сөйтсем, дәлізде Мұқағали Мақатаев  тұр екен, кесек тұ­лғалы ағамыздың түрі жауар бұлттай күреңітіп кеткен. Ұшып тұрып, қол беріп амандасып жатырмын.

- Мен Несіпбекті алып кетем! – деді Мұқаң. – Сен солай деп Мұзафарға ес­кертерсің?

Солай деді де, екеуі қолтықтасып, ел-жұрт әлі қызметін бастамай тұрып жұмыс басынан жоғалды. Екеуі бірін бірі жетелегендей болып, дәлізде кетіп бара жатқан суреті әлі күнге көз алдымда қа­лыпты. 

Арада бірер ай уақыт өткенде, тағы сол Несіпбек ертелетіп бөлмеме  арсы-гүрсі келіп тұр.

– Алатаудың алып шыңы құлады! – деді түтігіп. Мен түк түсінбесем де, жер сілкінді ме деп, шошына терезеден Ала­тауға қарай беріппін.

– Қазақ поэзиясының алыбынан ай­рылдық! – деді Нес-ағаң. – Өмірден Мұқағали өтті! 

Қаралы хабарды бізге  Несіпбек ағамыз осылай естірткен еді. Енді, мінеки,  асыл ағамыздың өзі де келместің кемесіне мінген екен. 

Қазақтың жоталы ақыны, өзінің асқақ жырларындай биік рухтың иесі – Несіпбек Айтұлы! Қазақ  жырының ай­бозы, эпика­лық дәстүрдің  соңғы тұяғы, саба түбі сар­қындысы! 

Қош бол, аңқылдаған ақ көйлек аға-досым!

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы

 

Қайран, Алтай...

Несіпбекке

Кіндігің қалған жері - Тарбағатай.

Соңыңда Тарбағатай қалды, ағатай*.

Қытайда қалып қойсаң қайтер едің,

Бер жағы - Шыңғыстау да, ар жағы - Алтай.

Ақсораң - менде. 

Сенде - Тарбағатай,

Сенің де ішің толы зар ма, ағатай?

...Бөлінген екі жаққа екі Алтайдай,

Өксігі қара өлеңнің, қайран, Алтай!

Кіндігің қалған жері - Тарбағатай.

Бер жағы - Шыңғыстау да, ар жағы - Алтай.

Адамзат сапарының жолаушысы ең,

Алдыңнан жарылқағай, Алла, ағатай!

_________________

* Құрдас боп ойнап жүруші едік, соңғы бір жолыққанымда «мен сеннен екі-үш жас үлкенмін ғой!» деп еді... «Ағатай» деп жаздым ахыретке кетерінде. Хош, Ағатай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

 

 

Жұртпен бірге жасайды

«Ахау жалған, 

Ахау арман. Арман, арман.

Аққудың көз жасындай көлге тамған,

Жанымды тербетесің шерге толған!», – деп жырлаған ақын аға, абзал аға – Несіпбек Айтұлы бабалар мекеніне бет бұрыпты...

«Аққудың көз жасындай көлге там­ған». Неткен сұлу сөз! Неткен бояуы қа­лың теңеу!

Қалың қазақ күңіреніп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

«Несіпбек Айтұлы ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып, руханият саласының алға басуына күш-қайрат жұмсады. Қазақстан тәуел­сіздігінің жыршысына айналған ақынның тартымды туындылары оқырмандар тара­пынан жоғары бағасын алды. Өнегелі ғұ­мыр кешіп, соңына мол әдеби-мәдени мұра қалдырған Несіпбек Айтұлының жарқын бейнесі ұмы­тыл­майды».

Кезінде «Жалын» альманахы жасырын бәйге жариялайтын. Несағаң сондай жабық бәйгенің талайын алды. «Бас сүйек­­тері», «Жасынның сынығы», «Най­зағай», «Жүректегі жаңғырықтар» поэ­малары со­ған айқын дәлел. «Бәй­терек», «Көз жа­сым», «Бөрітостаған», «Ер­­лікке ес­керт­кіш», «Сардар», «Құ­­лан­ойнақ», «Ар­­­­­­қа­­­тірек», «Наурызбай», «Ту», «Са­райым­­нан шыққан сөз», «Дариға, дәурен» атты кітаптары қолдан қолға ти­мей, ке­ңінен тарады.

Несіпбек аға Алаштың Ақселеуімен тығыз творчестволық байланыста болды. Ақаң дегенде Несіпбек ағаның ықыласы мен құрметі ерекше еді. Екеуі ағалы-інілі бауыр боп қатты сыйласты. «Сарыарқа», «Дәурен-ай» атты әндер – соның жемісі. Оның «Ән домбыра», «Арман», «Дариға дәурен», «Қазақтай ел қайда?» секілді маржан сөзге толы мазмұнды туындылары қазақпен бірге жасай береді...

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор