Бүгінде 734 мың адам жұмыспен қамтылған.
Үкімет жыл соңына дейін 1 миллион адамды жұмыспен қамтиды
948
оқылды

Әлихан Смайылов Үкімет отырысында биыл 1 миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отырғанын айтты. Бұл туралы Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде 734 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың жартысы – жастар. 

"Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс. Әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Соған сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары қаралған. Әкімдіктер жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару керек. Мысалы, бүгінгі күні энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT саласының мамандары қажет.  Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осыны ескеруі тиіс", деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мынадай мәселелерге де назар аудару қажет екеніне тоқталды.

Бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылған. Олардың аудандық Мансап орталықтары бар. Аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды.  Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электронды  еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет, деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, еңбек нарығының кешенді жоспары әзірленген.

"Әкімдіктер осы жоспар аясында құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасына баса назар аударуы тиіс. Жұмысқа орналастыруды мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету қажет. Өңір әкімдері бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізіп, Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану қажет. Еңбек министрлігі Мәдениет министрлігімен бірге жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуі тиіс",  деді Смайылов.