Үш жасар егіз қызды өгей нағашы атасының зорлағаны хабарланды.
Алматы облысындағы егіз қыздың зорлануы: екі адам қамауға алынды
1,219
оқылды

Алматы облысында 3 жасар егіз қыздың зорлануына қатысты тексеріс басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, – деп хабарлады Halyq Uni.

"Қазіргі таңда екі адам қамауға алынды: қыздардың әжесі мен өгей нағашы атасы. Бүгінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қыздар медициналық мекемеге жатқызылды. Менің ойымша, олардың жағдайы жаман емес. Оларға Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл барып, жағдайын білді. Тағы сұрақтар бар. Ол сұрақтарды біз қызметкерлерімізге қойып жатырмыз. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Онда анықталған кейбір деректер бар. Әзірше, бұл жағдайлар бойынша түсінік бергім келмейді", – деді Игорь Лепеха Үкіметтің баспасөз орталығында.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қорлық көрген балаларға операция жасалғанын айтты.

Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға Алматы облысының Бақанас ауылында болған. Онда үш жасар егіз қызды өгей нағашы атасының зорлағаны хабарланды.

Куәгерлердің айтуынша, бүлдіршіндерге жасалған қиянатты нағашы әжесі де, анасы да білген, бірақ полицияға шағымданбаған. Күдікті қыздардың анасын да, нағашы әжесін де қорқытып ұстаған.

Фото: Sputnik / Айдана Дайырова