2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді.
Депутат Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ұйымдастырылу деңгейін сынға алды
1,306
оқылды

Мәжіліс отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов 2024 жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі қажет екенін айтты. Осы мәселе бойынша «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан Премьер-Министрдің атына ресми сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алдағы 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған маңызды аламан. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды іс-шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. 

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерілетуге жағдай жасалуы қажет», –  деп Мемлекет басшысы айрықша атап өткен еді. 

Депутаттың сөзінше, аз уақыт қалғанына қарамастан, дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. 

«Мәлімет бойынша, үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұзсарайы бекітілген. 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына. Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшін де Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмауда. Тиісті мемлекеттік органның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде. Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қалды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, сарышұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Және атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық», –  деп Ж.Әшімжанов нақты мәселелерді атап өтті.

Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. 100-ден аса елден 3 000-нан аса спортшы  қатысады деп жоспарланып отыр. 

«Спорттық жарыстарды тарататын трансляция тақырыбы әлі жабық күйінде. Өткен жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тамашалаған. Ақпарат таратуға шетелдік БАҚ-тың 800-ден аса өкілі келген. Олардың арасында 57 телеарна, 16 радиостанса, 87 ақпараттық агенттік пен 48 басылым өкілі және 70-тен аса танымал блогер болған. Қысқасы шаруа шаш етектен. Ұлттық спортты дамытуда «AMANAT» партиясы бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар істеуде. «Ұлы дала жорығы» – осының айқын дәлелі!»,  –  деді ол. 

Осы тұста Жанарбек Әшімжанов «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан бірқатар ұсыныс білдірді.

  1. Үкіметтік комиссия ұйымдастыру жұмыстарын жеделдету керек.
  2. Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, спорттық инфрақұрылымдардың құрылысы мен реконструциясына қатысты қаржылық процедураларды ұйымдастыру қажет.
  3. Көшпенділер ойынын өткізу тек Астана қаласының   емес, бүкіл елдің жауапкершілігі. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдырып, «Бір өңір – бір нысан» принципіне күш салу керек.
  4. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақ елінің туризм әлеуетін табысты пайдалану бағытында нақты жобалар әзірлеу керек. 
  5. Ұлттық спортты және спортшыларды насихаттайтын түрлі форматтағы ақпараттық үгіт жұмыстарын қолға алу керек.
  6. Ойынды өткізуші ел ретінде нақты регламенттерді бекіткенде қазақтың ұлттық ойындары мен түрлі ұсталық өнерге басымдық беру керек.
  7. Еліміздегі ең ірі мегажобаға айналған «Ұлы дала жорығын» Дүниежүзілік көшпенділер ойынының регламентіне енгізу керек.