FlyArystan лоукостері тәуелсіз компанияға айналмақ.
FlyArystan лоукостері Air Astana-дан қашан бөлінетіні белгілі болды
905
оқылды

FlyArystan лоукостері Air Astana әуекомпаниясынан бөлініп шығып, тәуелсіз компанияға айналмақ. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов депутат сауалына берген жауабында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, үкімет FlyArystan құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлғаға бөлудің кезең-кезеңімен жоспарын әзірлеген.

"FlyArystan" АҚ жарғысы бекітілді. Қайта тіркеу рәсімдері жасалып жатыр. Компанияның ұйымдық құрылымын қалыптастыру, әуе кемелерін беру және "FlyArystan" АҚ қызметінің басқа да бағыттары, оның ішінде жекелеген ережелерді енгізу, кірістер мен шығыстардың есебі бойынша жұмыстар істеліп жатыр", – деді Әлихан Смайылов.

FlyArystan операторының жеке куәлігін алу үшін құжаттар 2023 жылдың 4-тоқсанында тапсырылады.

Премьер-министр бұл шаралар нарық субъектілері арасындағы бәсекелестік арқылы әуе билеттерінің құнын төмендетуге, бәсекелестік ортаны дамытуға оң әсер ететініне тоқталды. Сонымен қатар ол Fly Arystan тарифі өзгермегенін және халық тарапынан сұраныстың өзгеруі мен жолаушылар санының жыл сайын артуы әуе билеттерінің құнына әсер ететінін айтты.

"Fly Arystan-ның ресми ақпараты бойынша Астана – Ақтөбе бағытындағы ең төменгі тариф 8 581 теңгеден 50 081 теңгеге дейін, Алматы – Атырау бағыты бойынша – 15 328 теңгеден 63 538 теңгеге дейін", – деп атап өтті Үкімет басшысы.