Елордада № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.
Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіш орнатылды
843
оқылды

Елордада № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ескерткіштің ашылу салтанатына және № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулиннің есімі берілуіне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Асқардың туыстары мен жақындары қатысты.

«Әрбір адамның өмірі баға жетпес құнды, мемлекеттің стратегиясы, ең алдымен, азаматтарды қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған. Сол себепті құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің еңбегі аса маңызды болып табылады. Бұл ескерткіш – Асқардың өжеттігінің, жанқиярлығы мен адалдығының белгісі. Бүгін біздің көңіліміз түсіп қайғырып,  сонымен қатар, барлығымыз үшін үлгі болатын ерлікке деген шексіз құрметпен пен таңдануға куә болып тұрмыз.  Оның жасаған ерлігі азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолындағы күресте біздерге күш пен қуат беретін үлгі болсын. Асқар Забикулин біздің әріптесіміз ғана емес, сүйікті ұл, жар және әке болды және оның өмірден өтуі біздің жүрегімізге жазылмас жара салды. Біз оны әрқашан еңбекқор, ақылды және сүйіспеншілікке толы адам ретінде есте сақтаймыз», – деп атап өтті Сырым Шәріпханов өз сөзінде.

Ескерткіш тақтадан ақ жамылғыны алып тастағаннан кейін, жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Биіктігі үш метр болатын ескерткіште Аскардың бюсті қоладан, ал төменгі бөлігі мәрмәрдан жасалған. Өрт сөндіру бөлімінің аумағында ағаштар отырғызылған, ескерткіштің айналасында орналасқан гүлдер мен бұталар бар.

Елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылғы 20 қарашада тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, онда ержүрек, батыр әрекеттерімен өз өмірін қатерге тігіп, үш адамның өмірін сақтап қалды. Президенттің Жарлығымен Асқар қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Оның жарқын бейнесі өз ісінің маманы ретінде біздің жүрегімізде мәңгі қалады!