Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Астанада үш күнде 11 адам есірткімен ұсталды
692
оқылды

Елордалық полицейлер үш күн ішінде «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде 11 адамнан есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

16-20 қазан аралығында елорданың көшелерінде және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Үш күн ішінде полицейлер рейдтік іс-шаралар барысында есірткі заттары бар 11 астаналықты ұстады. Есірткі заттарымен заңсыз айналысқаны үшін оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, түнгі уақытта күдік тудырған 31 жастағы тұрғынды тұрғын үйдің кіреберісінде тоқтатып, тексергенде шалбарының қалтасынан салмағы 1,83 грамм Альфа-PVP психотроптық заты табылып, тәркіленген. Сол күні Астана қаласының 43 жастағы тұрғыны ұсталып, одан да салмағы 0,21 грамм Альфа-PVP психотроптық заты табылған.

Жалпы, «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы басталғалы елордада 73-тен астам қылмыс тіркеліп, оның 45-і кезекшілік күндері ашылған.

Бұған дейін жасалған 36 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 8 қылмыскер ұсталды. Рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер 2,5 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Оның 338-і – ұсақ бұзақылық және алкогольді ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде көріну. Сонымен қатар, көлікті мас күйде басқарған 11 жүргізуші ұсталған.