Тараздық Ербол Жарқынбеков – азаматтық қорғау аға сержанты. Қызметі көлік жүргізушісі болса да, азаматтық қорғау органдарында жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Одан бұрын ол өмірінің он жылын ҚР Қарулы Күштеріне арнаған.
Тілсіз жаудан құтқарушы
495
оқылды

Өрт сөндіру қызметін еске алсақ, әдетте тек өрт сөндірушілер мен олардың жұмысы туралы айта бастаймыз.  Соның ішінде кезекші қарауылдың құрамы ғана емес, отпен күресіп жүргендердің қатарында  әрқашан елеусіз  қалып қоя беретін жандар да бар. Соның бірі – Ербол Жарқынбеков. Бүгінгі мерекеге байланысты өз саласының майталман маманы, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жүргізушісінің еңбегі еленгенін қалаймыз. Өзі жүргізуші болса да, өрт сөндірушілермен бірге өртпен арпалысып, қанша адамның өмірін сақтап қалуға атсалысып жүрген жан.

Жүргізушінің міндетіне тек  өрт сөндірушілерді шақырту орнына жеткізу ғана емес, қызыл қанатты темір тұлпарларын үнемі жауынгерлік дайындықта ұстап, өрт және басқа да төтенше жағдайларды жою кезінде аталған техниканы ұршықша иіру – солардың тікелей жұмысы. Жеке құрамды оқиға орнына жеткізу, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құрал-жабдықтар мен суды дер кезінде бере білуі  де – соның міндеті. Міне, осындай еңбектің соңында қарапайым жүргізушілер тұратынын біреу білсе, енді біреу біле бермейді.

Осынау көзге көрінбейтін, бірақ күнде бетпе-бет ұшырасып, айқасқа түсетін отты майданның жауынгерлері деп өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілерін де атауға болады. Олар автокөлікті жүргізіп қана қоймай, техника бұзылған жағдайда оны жөндей білуі керек. Сондықтан олар қолдары қалт етсе, машинаның астынан шықпай, жөндеу жұмыстарын атқарады. Әрдайым техниканы жарамды күйде ұстау, бірнеше жанның өміріне төнген қауіпті жою деген сөз. 

фото:/www.gov.kz/