Астанада XI Азаматтық форумы өтті.
Динара Сәдуақасова: «AMANAT» – халық пен билік арасындағы алтын көпір
1,235
оқылды

Жиынға 600-ден астам адам, оның ішінде, Орталық Азия елдерінен келген делегаттар да қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Іс-шарада қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері ел дамуының және жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің өзекті мәселелерін талқылады. 

«AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова азаматтық қоғам  – кез келген мықты мемлекеттің маңызды ажырамас бөлшегі екенін айтты.

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, оның институттары қатарына қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті қауымдастықтар, кәсіби одақтар, БАҚ пен саяси партиялар кіреді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі реформалардың табысты жүзеге асуы үшін қоғамның қолдауы, оған азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуы аса қажет екенін талай мәрте атап өткен болатын. Сондықтан, «AMANAT» партиясы ірі қоғамдық-саяси күш ретінде әрі өзі де азаматтық сектордың бір бөлігі ретінде қоғам мен мемлекет арасындағы көпір іспеттес. 

Азаматтық белсенділер партияның барлық жобаларын жүзеге асыруға атсалысады. Осылай  «Жер аманаты» республикалық және аймақтық комиссияларының қызметі аясында азаматтық белсенділер заңсыз алынған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына қатысып жатыр.   «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Есірткіге жол жоқ» және өзге де әлеуметтік маңызы бар жобалар нақ осы үкіметтік емес ұйымдармен бірге жүзеге асырылуда. 

Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен жұмыс түрлі бағытта жүзеге асуда. Олардың бірі – партия жанындағы республикалық және аймақтық деңгейлердегі Кеңестер. Олардың құрамына азаматтық белсенділер, қоғам өкілдері және де үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Тіпті кейбіреулері кейіннен мәслихаттар мен Мәжілістің депутаты болып сайланды. Олардың арасында Вера Ким, Мұрат Әбенов, Сергей Пономаренко, Ерлан Әбдиев, Екатерина Смышляева секілді танымал азаматтар бар. 

Партия азаматтық сектормен әріптестігін бұдан әрі де нығайта береді. Талап-тілектер мен өтініштерді еліміздің барлық өңірінде ашылған қоғамдық қабылдау кеңселеріне жолдауға болады.