Бүгінде халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 млн-нан астам адамның қарызы бар.
Қазақстанда 8,4 млн-нан астам халықтың қарызы бар – Ерлан Қошанов
1,036
оқылды

Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы парламенттік тыңдауда Ерлан Қошанов қазақстандықтың қанша қарызы бар екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, бүгінде халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 млн-нан астам адамның қарызы бар. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз.

– Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді. Қазір банктерден шектеусіз несие алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай екенін де нақтылап өтті.

– Ең бастысы бұл әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек, – деді Е.Қошанов.

Осы тұста Мәжіліс төрағасы халықтың қаржы сауаттылығын арттырып, осы бағыттағы мәселелердің алдын алуға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы жайлы атап өтті.

– "Бұл бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Президент те өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтты.

Қазір бұл  жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырыла бастады. Бүгінде 52 000 адам оқытылды. Халық осы бағдарламаның қажет екенін әрі уақытылы қолға алынғанын айтып отыр.

Қаржылық сауаттылық курсын мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу қажет деп санаймын. Жастар ақшаны орнымен жұмсау, бюджетті жоспарлау, инвестиция салу сияқты базалық ұғымдарды меңгергені жөн" – деп нақтылады Ерлан Жақанұлы.