Қазақстан Үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2023 жылғы 10 қарашадан бастап күшіне енетін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚР Сыртқы істер министрлігі хатында келісім нақты қай күні күшіне енетіні көрсетілген. Келісімге 2023 жылдың 17 мамырында Сианьда қол қойылған болатын.
Құжат екі мемлекеттің азаматтарының жеке істерді, туризмді, емдеуді, халықаралық тасымалдарды, транзитті жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ екінші тарап мемлекетінің аумағы арқылы кіру, шығу, транзит үшін іскерлік мақсаттарды (келісімшарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында визалық талаптардан босатылатынын көздейді.
Мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күн виза талап етілмейді, жалпы 180 күнтізбелік күн ішінде екінші елде болу мерзімі 90 күнтізбелік күннен аспауы керек.
Егер бірінші тарап мемлекетінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағы арқылы кіруге, шығуға немесе транзитпен жүруге ниет білдірсе, алайда сапардың мақсаттары немесе мерзімдері жоғарыда көзделгенге сәйкес келмесе, онда олар екінші тарап мемлекетінің аумағына кіргенге дейін тиісті органдарға виза алу үшін жүгінуі тиіс.
Фото: tengrinews.kz