Спорт кешенінің құрылысына бөлінуі тиіс 2,3 миллиард қаражат уақытында бөлінбеген.
"Фломастермен бояп қойған": Щучинскіде 2,3 миллиард теңгенің спорт кешені «сақалды құрылысқа» айналды
4,526
оқылды

Құрылыс жобасы басталғалы екі жылдан астам уақыт болған Щучинсктегі спорт кешені пайдалануға беру мерзіміне жылдан астам уақыт өткенімен сол күйі аяқталмай қалған. Пайдалану мерзімі кері шегеріліп, осы жылдың соңына дейін аяқтау қайта жоспарланған нысанның төлқұжатының тапсыру уақытын  белгісіз біреулер фломастермен бояп кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Бұл туралы Щучинск қаласының тұрғыны Владимир Прокопьев әлеуметтік желіде жария етті. Оның айтуынша, спорт кешенінің құрылысы басталғалы бері Щучинск қаласының екі әкімі, Бурабай ауданының бір әкімі және облыстың бір әкімі қызметінен ауысып үлгерген.

Нысанға бюджет қоржынынан 2,3 млрд теңге бөлінген. Құрылыстың қазығы 2021 жылдың 20 шілдесінде қағылған. Спорт кешені бір жыл ішінде, яғни 2022 жылдың 20 шілдесінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, құрылыс нысанының арты сиырқұйымшақтанып, кейінгі жоспар бойынша осы жылдың 20 қазанында аяқтау жоспарланған. Алайда, қала тұрғыны кешеннің жуық арада аяқталмайтынын жіпке тізді. 

Щучинск спорт кешенінің қазіргі жағдайы өкінішке орай осындай болып тұр. Мен әуелден-ақ паркте спорт кешенінің салынуына үзілді-кесілді қарсы болдым. Меніңше қалада толыққанды парк болуы тиіс. Спорт кешені басқа жерге салынуы тиіс еді. Құрылыс басталғаннан кейін желіде спорт кешенінің құрылысын жұрт қызу талқыға салған. Соның бірі есімде қалыпты. «Әдеттегідей кезекті сақалды құрылысқа айналады ғой. Парктен де айырылып, спорт кешеніне де жете алмаймыз-ау» деген еді. Ақыры айтқаны айнымай келді. Нысанның төлқұжатындағы тапсырылуы тиіс уақытын фломастермен бояп кетіпті, – дейді Владимир Прокопьев.

 

Спорт кешенінің «сақалды құрылысқа» айналғанын Ақмола облысының құрылыс басқармасының басшылығы да мойындады. Басқарма басшысы құрылыстың созылып кетуіне қаржының уақытында берілмеуі себеп болғанын айтады. Ведомство басшысы нысанның салыну уақыты одан әрі де созылуы мүмкін екенін жеткізді. 

– Спорт кешенінің құрылысына бөлінуі тиіс 2,3 млрд қаражат уақытында бөлінбеді. Қаржы облыстық мәслихат сессиясы арқылы беріледі. Алғашқы 2021 жылы бюджеттен небәрі 50 миллион теңге бөлінді. Мердігер өз қалтасынан 300 миллион теңге қаражатын шығарып, нысан жоспарланған кесте уақытында жылдам қарқынмен басталды. Алайда, құрылыс аяқталуы тиіс болатын 2022 жылы тек 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға тиісті жұмыс жүргізілді. Жоспарға өзгеріс енгізіліп, биылғы жылдың қазанына дейін ұзартылған. Алайда, биыл тағы тек 650 миллион теңге ғана бөлінді. Оның үстіне құрылыс материалдары бағасының қымбаттап кетуі де нысанның аяқталмауына себепші болып тұр. Қаржы бөлінсе аяқталады. Мен тек бөлінген қаржыны ғана бере аламын, – дейді тапсырыс беруші Ақмола облысы құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров. 

Ал нысанға бас мердігер болып табылатын «Авторемстрой-ЛТД» компаниясының учаске басшысы Эльдар Жанжолов нысанды пайдалануға беру уақыты енді келер жылдың қазанына қарай қайта ұзартылғанын жеткізді. 

– Біз бөлінген қаржыға қарай нысанды салып жатырмыз. Қаражат уақытында тиісті түрде бөлінген жоқ. Сондықтан құрылысқа қажетті материалдардың бағасы қымбаттағандықтан түзетулер енгізуге де тура келді. Ендігі жоспар 2024 жылдың қазанына дейін деп өзгертілді, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Эльдар Жанжолов. 

Сонымен әзірге бурабайлықтар асыға күткен спорт кешенінің нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз болып тұр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы