Ерсейіт Бралин – 141 келі тасты еркін көтеріп жүре алатын алапат күш иесі. Оған қоса, қарапайым темір емес, арматураны ие алады. Сонымен бірге Ерсейіт Бралин пауэрлифтингтен спорт шебері атағын да иемденген. 33 жастағы толағай Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Спорт – оның хоббиі ғана.
Қажымұқанның ізін жалғаған Ерсейіт
1,339
оқылды

«Біздің жұмысымыздың ерекшелігі сол, өрт сөндіру, құтқару жұмыстарында физикалық мықтылық пен арнайы дайын­дық өте қажет. Сол себепті спортқа ар­найы уақыт бөлемін», – дейді Ерсейіт Бралин.

Бастапқыда әуесқойлық қызығу­шы­лықпен спортқа келген Ерсейіт мек­­теп ішіндегі, кейін ауыл ішіндегі түр­­лі спорттық шараға қатыса бастаған. «Наурыз тойы, Жеңіс күні, Ораза айт, Құр­бан айт сияқты түрлі мерекелерде біз­дің ауылымызда міндетті түрде бұ­қа­ралық шаралар болады. Сол шараларда қазақша күрес, кір тасын көтеру, қой көтеру сияқты жарыстарға қатыса­тын­м­ын. Сөйтіп, бірнеше рет жеңімпаз атанып жүрдім. Спортпен кәсіби тұрғыда айналысамын деген ниет осындай кішігірім жеңістерден туындады», – дейді Ерсейіт. 

Жақында Ерсейіт Маңғыстау облысында өткен «Толағай» атты алыптар сайысына қатысып келді. Ол бір минут ішінде қашықтыққа салмағы 141 келі табиғи тасты көтеріп жүру, ұзындығы кемінде 80 см және 150 см аспайтын, диаметрі 14-16 мм-ден кем емес арма­тураны мойынға қойып ию, ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 келі арбаны сүйреу, ұзындығы 150 см аспайтын, салмағы 10 келі ұшы темір, табиғи ағаш­тардан жасалған найзаны қашық­тыққа лақтыру бойынша сынға түсті. Атыраулық алыптың мықтылығы мен ептілігіне көрермендер де тәнті болған. Осылайша, Ерсейіт Бралин жеңімпаз атанып, желтоқсан айында өтетін  рес­публикалық алыптар сайысына жолдама алды.

 «Толағай» сайысы – батырларымыз­дың жүріп өткен жолын дәріптейтін, қазақтың этноойындарын жаңғыртатын ерекше жоба. Қазақ халқы қашанда темірден түйін түйіп, тау көтерген ба­тыр­ларымызбен ерекшеленген. «Толағай» – Балуан Шолақ, Қажымұқан аталары­мыздың ізін жалғаушы батырларымызды танытатын ерекше жоба. Сондықтан мұндай алыптар сайысына қатысып, өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе болды», – дейді Ерсейіт Бралин. 

Ерсейіт аптасына үш мәрте үш сағатын жаттығуға арнайды екен. «Тренерім Александр Литвиновке алғыс айтамын. Ол кісі спортшыны жеңіске жетелейтін мінез екенін үйретті. Спорт­шы үшін жеңіске деген ұмтылыстың болуы аз. Спортшыда өзіне тән мінез, жігер болуы қажет», – дейді Ерсейіт. 

Ерсейіт есімі әлемге жайылған Қажымұқан Мұңайтпасовты өзіне үлгі тұ­тады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА