19 қазан – Құтқарушылар күні. Құтқару­шылар – уақытпен са­наспай адам өмірі үшін жан беріп, жан алысатын ардақты мамандық иелері.
Құтқарушыға құрмет бөлек
553
оқылды

995 жылы Мемлекет бас­шысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Батыс Қазақстан облы­сында да Құт­қа­рушылар күні жо­ғары деңгейде аталып өтті. 

Бұрын адамдарды, қоғамды апаттық жағ­дайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келген. Тек 1995 жылы Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Жарлығымен Қазақстан Рес­публи­касының Төтенше жағдайлар жөніндегі мем­лекеттік комитеті құрылып, осы құжат не­­гі­­зінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленген.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауап­кершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зарда­бын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшы­рағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша қамтылуы тиіс.

Кешегі Түркиядағы зілзала кезінде де қа­зақстандық құтқарушылар тыным таппай еңбек етті. Құтқарушылар адамды нәсіліне, дініне бөлмейді. Оларда шекара жоқ. Барлық адамды құтқару жолында бастарын қауіп-қатерге тігіп жүре береді. 

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жыл басынан бері 2000-ға жуық апаттық құтқару жұмыстарына шыққан. Нәти­жесінде, 327 адам құтқарылып, 276 адам қауіпсіз жерге шығарылыпты. Оны ішінде 200-дей бала бар. 

Құтқарушылар күніне орай өткен салта­натты жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Алдымен об­лыс әкімі төтеншеліктердің техникалық жабдықтармен танысты. 

Биылғы жылы төтеншеліктерге бірнеше жаңа техника алуға қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде 10 көлік, 9 суда жүзу көлігі, 60-қа жуық қажетті құралдар алыныпты. 

Аймақ басшысы бейбіт күннің батырларын төл мерекелерімен құттықтады. 

– Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілерін, өрт сөндірушілер мен құтқа­рушыларың, апаттық медицина қызметкер­лерін, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы міндеттерін орындап жатқан тұлғаларды кәсіби мереке – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз құтқарушылардың жаһандық төтенше жағдайлардың салдарымен тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қаншалықты жанқияр­лықпен күресіп жатқанын көреміз. Мысалы, Түркия мен Ауғанстандағы жер сілкінісіне көмектесті, еліміздегі орман өрті, су тасқыны, техногендік апаттар мен зіл-зала кезінде тө­тен­ше жағдайлар қызметкерлері әрқашан бірінші болып көмекке келеді. Соңғы жылда­ры мемлекет тарапынна азаматтық қорғаныс саласын техникалық базасын нығайту үшін көп қаражат бөлінуде. Біздің өңірде Бөрлі ауданының Ақсай қаласында маманданды­рылған өрт сөндіру бөлімі салынғанын айта кету керек. Таяу болашақта Теректі мен Бәй­терек аудандарында өрт сөндіру депо­сының салу жоспарлануда. Сонымен қатар ел­ді мекендерде ескірген өрт сөндіру депосы­ның ор­нына жаңа заманауи ғимараттар салу жоба­сы әзірлену сатысында, – деді Нариман Төреғалиев. 

Осы мерекелік кеште өз қызметінде бел­сенділік көрсеткен бірқатар төтеншеліктер Об­лыс әкімінің қолынан арнайы марапат алды. 

Мереке концерттік бағдарламамен жал­ғасты.

Ж. ҚАЙЫРҒОЖИНА