Қазір Түркістан облысы­ның әлеуметтік-экономика­лық ахуалын көтеру, өңірдің дамуына зор үлес қосатын инвестиция саласына қолдау көрсету, инвесторлардың жұмысын жандандыру үшін жағдай жасау басты назарда тұр.
Өңірде алға жылжу бар
500
оқылды

Облыс әкімінің өзі бұл мәселені жіті қадағалап, жауапты орындарға тапсырмаларын беріп отыр. Қазір өңірде бұл сала бойынша айтарлықтай алға жылжу бар. Облыстағы аудандар мен қалалардағы орта және шағын кәсіп саласын да дамыту қолға алынған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбал­дының төрағалығымен өткен Инвестциялық штабтың кезекті отырысында осы бағыт бойынша бірқатар мәселелер қаралды. Солардың бірі Сауран ауданында сүтті қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Зауыт жылына 4 мың тоннаға жуық сүт өнім шығаруды жоспалап отыр. Отырыста мекемені магистралды газ құбырына қосу мәселесі көтеріліп, талқыланды. Облыс басшысы жаңа жоба бастаушылар көтерген мәселелерді шешуді тапсырды. Мұнан бөлек инвесторлардың басым бөлігі инфрақұрылым тарту мәселесін ортаға салды.

Тағы бір белгілі болғаны, бұрынғы Кентау экскаватор зауытының аумағында жаңбырлатып суару қондырғыларын құрастыратын кәсіпорын салынып жатыр. Жаңа суару әдісінің арқасында тіпті, диқаншылардың өз күштерімен игере алмай жүрген бос жатқан жерлері де тиімді пайдаланылатын болады. Ауыл шаруашылығы техникасы сұранысқа ие. Ай сайын 50 қондырғы жасап шығаратын зауыт алда жылына 500-ін сатуға шығаруды жоспарлап отыр.

Өйткені бұл жобада ауыл шаруашылығы сала­сында кеңінен етек жайғалы отырған машина қызмет көрсетуде жеңіл әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Айталық, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Әңгіме барысында кәсіпорын басшылары газ мәселесін ортаға салды.

Әр жобаға жеке тоқталып өткен обоыс басшысы, туындаған және туындауы мүмкін деген мәселелердің уақытылы шешімі үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Әр жобаға барынша көмек көрсетілетінін, жер телімі және инфра­құрылым секілді мәселелер шешімін табатынын айтты.

– Инвестициялық жобаларды тарту жұмыстарын күшейту керек. Бұл мәселе тұрақты бақылауда.

Барлық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін белсенді жұмыс қажет. Басым бөлігі инфра­құрылым мәселесін көтеріп отыр. Бұл жайттар жаңа жобалардың жүзеге асуына кедергі болмауға тиіс. Нәтиже қазір керек. Уақыт созуға болмайды. Жұмыс орындары қазір керек, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Мақтаарал ауданында құс фабрикасы салынды. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін шығаруға мүмкіндігі жетеді. Бүгінде оның құрылысы толық аяқталуға жақын. Штаб отырысында инвесторлар фабриканы табиғи газға қосу қажеттілігі туындап тұрғанын жеткізді. Облыс басшылығы мұны да назарға алып, жауапты басшыларға нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ өңірдегі тағы бір жақсы жаңалық. Азық-түлік пен кондитерлік өнімдерді сақтайтын қойма Сауран ауданында салынды. Бұл 150 тонна өнім сақталатын қойма. Онда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Су мәселесі жайлы көтерген кәсіпорын басшылығы зауыт аумағын арттыруды көздеп отырғанын айтты. Ол сондай-ақ балмұздақ шығаруды қолға алғысы келеді.

Тағы бір азамат Сауран ауданындағы мақта және мақта талшықтарын қайта өңдеу зауытын салу бойынша сөз қозғады. Аталған инвестор электр жарығымен қамтуға қатысты қолдау қажеттігін айтса, тағы бір кәсіпкердің жоспарымен осы ауданнан жылына 20 мың жиһаз істейтін фабрика салынбақ. Инвестор 650 адамды тұрақты жұмыспен қамту үшін кәсіпорынды ұлғайтуды көздейді.

Отырыста Арыс қаласында салынып жатқан астықты сақтауға арналған элеватор және көлік-логистика орталығының құрылысы жобалары бойынша талқыланды. 

Түлкібас ауданындағы жемістер мен көкеністерді өңдеу және консервілеу жобасы бойынша инвестор бірқатар мәселені мәлім етті. Кәріз жүйесіне қатысты мәселе жауапты басшыларға тапсырылды. Сонымен қатар жеңілдетілген несие алу бойынша ұсыныстар айтылды.

Инвестциялық штаб отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыста тұт кластерін құру бойынша жұмыс барысы баяндалды. Сондай-ақ аудан, қалаларда орналасқан индус­триалды аймақтардың қазіргі жағдайы бойынша Келес және Мақтаарал аудандарының әкімдері есеп берді.

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы