Қазір мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде әкімшілік реформаларды қарқынды жүзеге асыру жөнінде шаралар қолданып келеді. Мемлекеттік функциялар жүйесінде мемлекеттік қызметтер көрсету маңызды орын алатыны белгілі.
Мемлекеттік қызметке адалдық – міндет
1,015
оқылды

Бүгінде әлем елдері мемлекеттік басқару саласында екі модельге сүйенеді. Бірі – мансаптық, екіншісі – позициялық. 2016 жылы қабылданған заң аясында Қазақстандағы мемлекеттік қызмет толық мансаптық модельге негізделген еді. Бұл туралы күні кеше Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде БАҚ және қоғам өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз турында айтылып, онда агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке орналасу процестерін жеңілдету, талантты және креативті мамандарды тарту, бюрократиядан арылу бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Бұрын мемлекеттік аппаратқа жұ­мысқа кіру «жабық каста» сияқты болды. Яғни, жоғары лауазымды иелену үшін төменгі лауазымнан бастап жұмысқа орналасу керек. Ал қазір біз осы екі мо­­дель­­­ді тең қарастыра отырып, қазақстан­дық модельді қалыптастырып жатырмыз. Қос модельдің де үздік тұстарын өзімізге енгізіп жатырмыз», – дейді Дархан Жа­­зықбай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет саласына білікті әрі талантты жастарды тарту міндетін қой­ғаны белгілі. Осыған байланысты агент­­­тік грант негізінде оқыған, GPA көрсет­­­кіші 3.33 деңгейінен жоғары жастарға мүмкіндік ұсынды. Яғни, олар аудандық немесе ауылдық аппараттарда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тіке­лей тағайындалады.

Жалпы, бүгінде ел бойынша 82 528 мем­­­­лекеттік қызметші сан салада ең­бек етіп жүр. Олардың 56,8 пайызы – әйелдер.

«Биыл «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға біраз өзгеріс енгізілді. Қыз­мет­­­керді басқа өңірге ротациялау кезінде тұрғын үй төлемдерін енгізу, нақты жо­­ба­­ларды іске асыру үшін келісімшарт бойын­ша жұмыскерлер тарту мүмкіндігі пайда болды. Өңірлік мемлекеттік орган­­­дардың кадрлық тапшылығын жою бойынша өңірлік резервтер құрылады. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшы­­сы мемлекеттік қызметке кіру мен шығу­ды оңтайландыру бойынша тапсырма берген еді. Агенттік тиісті шараларды ке­­­­зең-кезеңімен іске асырып келе жа­тыр. Бірін­шісі – агенттік келісімімен «Б» корпусын жоғары лауазымдарға кон­курс­­сыз, тіке­­­лей тағайындау қарасты­рыл­­­ған. Бұл жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүм­кіндік береді. Заң қолданысқа енгізілген­нен кейін агенттікпен осындай 188 таға­йындау келі­сілді», – деп баянда­­ды агент­­­­тік төраға­сының орынбасары Азамат Жолманов.

Былтыр Мемлекет басшысы агент­­тіктің алдына үлкен міндеттер қойғанын атап өткен Дархан Жазықбай осыған сәйкес қызметтің ашықтығын қамтама­сыз ету, меритократия қағидаларын ұста­ну, агенттікті толық HR-институтқа ай­нал­­дыру, сонымен қатар адамға бағ­­­­­­­­­­­дар­ланған сервистік аппарат құру міндеті тұрған жеткізді. Агенттік тө­­­­рағасы бұл тапсырмаларға сай, нақты жұ­мыс қолға алынғанын айтты. Мәсе­лен, былтырдан бері ведомство 4 заңға өзгеріс енгізген.

«Агенттік былтырдан бері 4 заңға өзгерістер енгізді. Оның ішінде мемле­кеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет көрсету заңдары бар. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы кодекске өзгеріс енгіздік. Агент­тік мемлекеттік қызмет туралы заңға бақы­лау жасап, оның орындалуын қа­да­ғалайды. Осы заң бойынша біз мем­лекеттік органдардың мемлекеттік қыз­мет көрсету саласының сапасына то­­­­­лық­­қанды бақылау жүргіземіз. Оны бағалаймыз», – дейді төраға.

Тағы бір жаңашылдық – мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесі өзгерді. Мәселен, қатарынан екі рет төмен баға алған жұмыскердің лауазымы төмендейді немесе жұмыстан шығарылады. Ал төрт рет жақсы нәтиже көрсеткендері жоға­­­рылайды.

Сонымен қатар баспасөз туры кезінде БАҚ өкілдеріне мемлекеттік қызметке іріктеуді онлайн жүргізуге бағытталған «Е-қызмет» сыртқы порталының жұмы­сы көрсетілді. Қатысушылар прокторинг жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және талапқа сай келмейтін фактілердің анық­­талу процесімен танысты.

Бұған қоса, агенттік өкілдері Пре­­­зиденттік жастар кадрлық резервіне ірік­теудің бірінші кезең қорытындысын жариялады. Айта кетейік, 1 қыркүйекте резервке кезекті іріктеу басталды. Талап­қа сәйкес, оған жасы 35-тен аспаған, жо­ға­ры білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжі­рибесі бар, мемлекеттік тілді В1 дең­гейі­нен төмен емес меңгерген Қазақ­стан азаматы қатыса алады. Іріктеу қорытын­дысы бойынша 50 кандидат резервке алы­нады.

Жобаның pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарды қабылдауға берілген өті­­ніш негізінде бір айда 30 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде 6 404 қа­тысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабі­летін бағалау» тестілеуіне жі­берілді. Кейін бірнеше кезеңнен сүрінбей өтіп, «Құзыреттерді бағалау» сатысына 244 үміт­кер жетті. Енді олар 19-24 қазан аралығында өз бақтарын сынап көреді.

Баспасөз туры аясында осы Прези­денттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтарға арнап берілген кабинеттер таныстырылды. Мұнда олар мемлекеттік басқару саласын жетілдіруге қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын әзірлейді.

«Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Егер жиналыс жасау керек болса, біз осы жерге келіп, өз сұрақтарымызды ақыл­да­­­­самыз. Президенттік жастар кадрлық резерві өз тарапынан ұсы­ныстар әзірлеп, мемлекеттік орган басшысына оны енгізе алады. Осындай қосымша мүм­кін­­­діктеріміз бар», –деді Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі Бибігүл Құрманова.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай білікті кадрларды даярлау, қызметші­лердің білімін жетілдіру үнемі басты на­зарда екенін атап өтті. Оның сөзінше, кәсіби мамандар легін қалыптастыру жолында Мемлекеттік басқару акаде­­миясы әлемдік стандарттарға сай білім беруде.

«Академия тек оқытумен ғана шек­­телмейді. Сонымен қатар біз мемле­­­кеттік органдарға, оның ішінде Прези­­­дент Әкім­­шілігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне арнайы қолданбалы зерттеу жүр­гізіп, талдау жазбаларын дайын­­­­­даймыз. Академияның әрбір өңір­­­де фи­­лиалы бар. Олар тікелей жер­­­­гілікті атқа­­­рушы органдармен байланыста. Біз­­­де 11 бағ­­­­дарлама жұмыс істейді. Оның 8-і ма­гистратура болса, үшеуі – докторан­­тура. Академияның бағдарламалары тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетел­дер­­де аккредиттелген. Жақында ғана Еу­­­­ро­­палық аккредиттеу орталы­ғының рұқ­сатымен біздің төрт бағдарламамыз 2033 жылға дейін іске қосылды», – деп жұмыстардың нәтижесіне тоқталды Пре­­зи­дент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Ал әдеп мәселелеріне тоқталған агент­­­­­­тік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жыл басынан бері 90-нан астам маман мемлекеттік қызметтің атына кір келтіргенін айтты.

«Биыл 9 айдың қорытындысы бойын­ша, әдеп кеңестерінде мемлекеттік қыз­­метшілерге қатысты 300-ден астам тәр­­­тіптік істер қаралған. Оның ішінде 92-сі мемлекеттік қызметке кір келтіре­тін теріс қылықтар жасағаны үшін түрлі жауап­­кершілікке тартылды. Ал Әдеп жөніндегі кодекстің нормаларын бұзған деген айыппен 73 мемлекеттік қызметші жауап­қа тартылған. Әр іске байланысты өзіндік тергеу жүргізіледі. Жалпы, мем­ле­­­­кеттік қыз­мет саласында бақылау жүргізіледі», – деп түйіндеді Салауат Мүксімов.

Жиын соңында журналистер Агент­­­­тік төрағасына мемлекеттік қызметті да­мытуға қатысты бірқатар сұрақтар қо­йып, пікірлері мен ұсыныстарын айтт­ы.

Дархан Жазықбай мемлекеттік бас­қарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үшін мемлекеттік орган­­­дардың БАҚ өкілдері және азаматтық қоғаммен сындарлы диалогінің маңыз­дылығын атап өтіп, қатысушыларды одан әрі белсенді ынтымақтастыққа ша­қырды.

Анарыс АҚЫЛМАН