Ақжарма жаңалықты Ахметтің жерлесі, ғалым мұрасының жанкүйері болып жүрген Қайрат Қабылов ай бұрын музей-үй бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлына жеткізген. Бүгін сол мерейлі сәттің куәсі болдық.
Ахмет Байтұрсынұлына сан алуан тақырыпта арнаулар жазылған. Өнер атаулының сан қырлы жанрынан Ахметті ұлықтаған туындылар көптен көп. Солай болуы заңды да. Өйткені ол – Ұлттың ұлы ұстазы емес пе?! Ғалымдар Ахметті толассыз зерттеуінен бөлек, суретшілер суретіне, киношылар киноға, ақындар жырына, күйшілер күйіне арқау етуде. Ал Ұлт ұстазының көзі тірі кезінде-ақ жұрт құрметіне ие болып, талайлаған тұстас қаламгерлердің қаламына іліккені бір бөлек әңгіме. Ахмет Байтұрсынұлына ақындардың төгілте жыр арнап, өлеңдеріне арқау етуі ғалым ақталған 35 жылдан бері жиілей түсті. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұжымы ғалымға арналған өлең-жырлар топтамасын бір кітап ретінде жинап, баспадан шығаруды көздеп отыр.
Ахметке арнау жазған қаламгерлердің қатарында Рахым Ырыскелді ақсақал бар. Рахым ағаның бір кереметі Ұлт ұстазына арнау дастанын 3 330 шумаққа, яғни 13 320 жолға жеткізе жырлапты. Кітаптың аты «Торғай толғауы: Ұлы Ахмет Байтұрсын – ұлт ұстазы» деп аталады. 608 беттен тұратын көлемді дастан бүгін Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне келді.
Кітап авторы Рахым Рыскелді 1941 жылы Торғайда туған. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақынның кітабын бүгін Алматыдағы ұрпақтары музей-үйге табыс етті. «Шақшақ Жәнібек – Ұлт қорғаны» атты көлемді дастаны 2010 жылы жарық көрген. Қалам иесі дастан жанрында мұнан да өзге еселі еңбек еткен.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих пәні оқытушысы Роза Рахымқызы Жазықбаева әке қаламынан туған көлемді еңбекті өзінің шәкірттерімен бірге әкеліп, музей-үй ұжымына сыйға ұсынды. Ата аманатын ғалым үйіне жеткізуге автордың немерелері, мектептегі жас бүлдіршіндер Әлия Жазықбаева мен Дана Жазықбаева да келіп, асқар тау ата қаламынан туған кесек еңбекті музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбетке сыйлады. Кітапты жәдігерлер қатарына қосу барысы танымдық дәріс деңгейінде өтті. Шараға қатысушылар ұлтының бүгінгі жарық күні үшін тар есік, тас босағада азапты ғұмыр кеше жүріп, артына өшпес із қалдырған Алаш көшбасшысы туралы сыр бөлісіп, ғалымға кітап арнаған өзге де белді қаламгерлерді атап, жас студенттерді ұлттың ұлы тұлғаларын ардақтауға шақырды. Музей-үй ұжымы кітап авторына ыстық ықыласты сәлемдерін айтып, алғыстарын білдірді. Алыстан қорғасындай салмақты еңбегін арнайы жіберген Рахым Рыскелді ақсақалға Райхан Имаханбет өзінің Ұлт ұстазы туралы жазған «Ғасыр саңлағы» кітабын келушілер арқылы тарту етті.
Ақмарал БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы