ҚР Мемлекеттік Туын насихаттауға арналған «Менің елім – менің Туым» акциясы елімізде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр.
«Жастар рухының» белсенділері бес мыңнан астам Мемлекеттік Ту іледі
950
оқылды

Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері ел аумағында 5 мыңнан астам Ту ілуді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні ұлттық мереке мәртебесін иеленді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, ол Тәуелсіздік жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам болды. 

«Аз ғана уақытта «Менің елім – менің Туым» акциясы игі дәстүрге айналды. Отандастарымыз байрақты балконға, үй шатырына, ал кейбіреулер тіпті терезеге  іліп қояды. Тудың тұсында суретке түсіп, оны сториске салады. Бұл – елге, жерге деген махаббаты білдірудің бір жолы. Қазақстан – тек дүниежүзілік саяси картадағы белгілі бір территория немесе географиялық шекара ғана емес, сонымен қатар Көк Тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан баршамыздың ортақ Отанымыз, мұратымыз бен құндылығымыз, асыл арманымыз екенін есте сақтаған жөн», – деді «Жастар рухы» ЖҚ төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.

Айта кетейік, акцияға Жастар қанатының белсенділері ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да қатысып жатыр. Олар Туды үйіне, қоғамдық орындарға, көлігіне ілуде. Кәсіпкерлер де шет қалмай, Мемлекеттік Туды дүкендеріне, мейрамханаларына, цехтары мен шаруа қожалықтарына орнатуда. Мәселен, аталған акцияға Астана тұрғыны Қазым Сәрсенбай да қосылды.

«Волонтерлерді қуана-қуана үйіме кіргізіп, балконға Ту іліп қоюға рұқсат бердім. Өз Отаныма деген сүйіспеншілігім мен мақтанышымды осылай білдіремін. Осы арқылы біз бірлігіміз мен ортақ тарихымызда әрқайсымыздың маңызды екенімізді көрсетеміз», – деді ол.

«Жастар рухы» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық бұл символдық іс-шараның маңызы өте зор екенін атап өтті. 

«Туды желбірету – отансүйгіштіктің ғана емес, сонымен қатар, бірлігімізді, мемлекет мүддесін қорғауға дайын екенімізді танытатын тәсіл. Отан – әрқайсымыздан, ел мен жерге деген махаббатымыздан, оның әл-ауқатын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын болуымыздан басталады», – деді ол.

«Менің елім – менің Туым» акциясына «Жастар рухының» 500-ден астам белсендісі қатысуда. Олар еліміздің барлық өңірінде 5000 Ту көтеруді жоспарлап отыр.