Дәстүрлі іс-шара үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтады. Жобаның мақсаты – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау, – деп жазды Aikyn.kz.
Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгердің қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады.
Байқау номинациялары:
- «Жылдың үздік прозасы»;
- «Жылдың үздік поэзиясы»;
- «Жылдың үздік драматургиясы»;
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
- «Жылдың үздік киносценарийі»;
- «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;
Қор биыл ««Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын да тағайындаған. Жеңімпазға «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Ал арнайы номинация жеңімпазы 3 млн теңге алады.
Қатысу үшін өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев Қорына немесе at2022@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. Өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.
Толық ақпаратты fnn.kz сайтынан оқыңыз немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы біліңіз.