Елорда ауруханасының дәрігерлері нейронавигация қолдану арқылы мидағы ісікті алып тастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
1992 жылы туған пациент Астана қаласы әкімдігінің №1 көпбейінді қалалық ауруханасының неврология бөлімшесіне шұғыл қызмет желісі бойынша сіреспе ұстамасымен түсті. Бірқатар медициналық тексерулерден кейін перифокальды ісінуі бар сол жақ төбе-маңдай аймағының миішілік ісігі анықталды.
Миішілік ісік – күрделі сырқат, өскін өсіп, жан-жағындағы тіндерді қысып, миды зақымдауы мүмкін, ал перифериялық ісіну бас ішінің қысымын жоғарылатады, оның зардабы организм үшін тіпті ауыр болады.
Біз ота алды және ісікке қарсы дайындық жүргіздік. Кейін нейронавигация, ультрадыбыс және Pantera микроскопын қолдана отырып, микрохирургиялық тәсілмен мидағы ісікті алып тастадық. Тарификаторға сәйкес, операция жасау науқасқа 1 400 000 теңгеден астам шығын әкелуі мүмкін еді. Алайда ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жасалды», – деп түсіндірді емдеуші дәрігерлер – нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Ахметов пен нейрохирург-ординатор Еркін Дүйсенбаев.
Келесі күні пациент бейінді нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Жүргізілген КТ бақылауда оң динамика байқалды, миішілік ісік толығымен алынған.
Операциядан кейін ұлымыз өзін жақсы сезінді. Осындай күрделі де ерекше операцияны дәрігерлер МӘМС жүйесінің арқасында тегін жасады. Көп рақмет! – деп пациенттің ата-анасы өз ризашылықтарын білдірді.