Бүгінде аты аңызға айналған Стив Джобстың қиялынан туындап, әлемге таралған iPhone смартфондары 2007 жылы шығарылды. BBC News рекордтық бағаға сатылған iPhone сол жылы сатылымға ұсынылған алғашқы модель екенін жазды. Aikyn.kz осы хабарламаға сілтеме жасап, смартфон құнының соншалықты қымбат болу себебін түсіндіреді.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Michael Nagle
iPhone-ның алғашқы 4Гб моделі аз ғана таралыммен шығарылды. Сирек кездесетін смартфон жинаушы адамдар бұл модельді «Қасиетті Грааль» деп санайды.
LCG Auctions сауда үйінде аукционға шығарылған смартфонды сатып алуға 28 өтінім түскен. Аукцион барысында бастапқы баға 400 есеге дерлік көтеріп, телефон 190 372 долларға сатылған.
Сатылған бағаға «сатып алушының комиссиясы» деп аталатын сатып алушы аукцион үйіне төлейтін бастапқы бағаның үстіне қосылатын әкімшілік шығындар да кіреді. Сатып алушының сыйлықақысы сатушыға емес, тікелей аукцион үйіне түседі.
Фото club.dns-shop.ru сайтынан алынды
LCG Auctions сауда үйі смартфонды жоғары деңгейлі «ыстық коллекция» деп сипаттап, өткен жылы да қораптан алынбаған зауыттан шыққан екі түпнұсқа iPhone телефондары да рекордтық бағаға сатылғанын айтқан.
Аукцион үйі соңғы сатылған телефонды «ерекше жағдайда өте сирек кездесетін зауыттық мөрі бар бірінші 4 ГБ моделі» ретінде сипаттайды.
Экран беті мен жиектері мінсіз, зауыттық пломба бұзылмаған, бөлшектері бір-бірімен еш саңылаусыз тығыз қиыстырылғаны жазылған.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Spencer Platt
Бұл лот бастапқыда 599 АҚШ долларына бағаланған және аукцион ұйымдастырушылар оны 50 000 – 100 000 доллар аралығында сатылады деп күткен. Бірақ бұл жолы сатылған смартфон барлық рекордтардан асып түскен.
Бұл телефон алғаш рет 2007 жылы Apple компаниясының сол кездегі бас директоры Стив Джобс шығарған модель. Сатылым басталған соң екі айдан кейін компания 4 ГБ жады бар модельге сұраныстың аз екенін байқап оны шығаруды тоқтатады. Оның орнына 8 Гб, 16 Гб модельдер нарықта көптеп ұсыныла бастайды.
Бұл модельдер 4 Гб жады бар модельге қарағанда 100-150 доллар қымбат болғанымен екі-төрт есе көп сақтау орнын беретіні тұтынушыларды көбірек қызықтырған.
Төмендегі видеода Стив Джобстың Apple компаниясындағы адамдарды бір мақсатқа жұмылдыру тәсілін айтады. Субтитрді қосып қазақша, орысша аударуға болады:
Соңғы жылдары Apple компаниясы мен оны құрушы аңызға айналған тұлға Стив Джобстың өміріне, қызметіне қатысты заттар аукционға жиі қойылуда. Джобстың сыныптасының мектеп альбомына жазған өлеңі, колледждегі фотосуреттері мен 1978 жылғы визит картасы да бар.
Apple компаниясы Джобс «біздің өмірімізді байытып, жақсартатын шексіз инновациялардың көзі» болғанын және әлемді жаңартуда өшпес із қалдырғанын айтады. Ол әлемге түрлі түсті iMac компьютерін, iPod, iPhone және iPad сыйлады.