Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың тө­ра­ғалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар Сенат жанынан Инклю­зия жөніндегі кеңес құру мәселесін қарап, оның құрамын бекітті. Сондай-ақ олар 26 қазан күні өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті.
Инклюзия жөніндегі кеңестің құрамы бекітілді
527
оқылды

Алдағы Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы ара­сындағы ұстап беру туралы шартты рати­фика­циялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарайды.

Аталған заңдардың нормаларына сәйкес, мем­лекеттер қылмыстық құқықбұзушылық саласында өзара құқықтық көмек көрсетеді. Нақты айтқанда, шарттарда екі елдің құзыретті органдарының адамдарды ұстап беру, кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру бойынша өзара іс-қимыл мәселелері, ұстап беруден бас тарту үшін міндетті және факультативтік негіздер егжей-тегжейлі регламенттелген.

Отырыс барысында депутаттар Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру туралы мәселені қарап, оның құрамын бекітті.

«Кедергісіз орта қалыптастыру және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемлекеттің алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Инклюзия жөніндегі кеңестің қызметі елімізде толыққанды инклюзивті орта құруға ықпал етуді көздейді. Бұл алаңның жұмысына сарапшылар мен қоғам белсенділерін де жұмылдырамыз. Алдағы уақытта Кеңес ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тың серпін береді деп сенеміз. Сенат осы бағытта барлық мүдделі тарап­пен белсенді жұмысын жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кеңестің құрамына Сенат депутаттарынан бөлек, сарапшылар қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік орган­дардың өкілдері енді. Сенат жанынан Ин­клю­зия жөніндегі кеңес құру туралы бастама алғаш рет биыл қыркүйек айында Палата қабырғасында көтерілген болатын.

Сонымен қатар Бюро отырысында «Пре­зиденттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде салық саясатының және салық­тық әкімшілендіруді жаңғыртудың негізгі тәсілдері мен тұжырымдамалық мәселелері» тақырыбына ар­налған алдағы Үкімет сағатына дайындық ба­рысы талқыланды.

Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет бас­шысы биылғы Жолдауында салық саясатына жеке тоқталып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Осыған орай, жаңа Салық кодексін әзірлеу Парламенттің алдында тұрған маңызды міндет­тер­дің бірі екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ отырыс кезінде Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.