Жезқазған қаласында елімізде тұңғыш рет ұлттық спорт түр­ле­рінен фестиваль өтті. Республика күніне орайластырылған жарыста 200-ден астам адам спорттың 8 түрінен бақ сынады.
Ұлттық спорт дәріптелді
1,310
оқылды

«Алғашқы фестивальдың мақсаты – төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту. Ұлттық спорт түрлері – тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Бүгінгі жарысқа қатысуға Ұлытау облысынан ең мықты спортшыларымыз жиналды. Жеңіске лайықтылар жеңеді деп сенеміз. Ұлттық спорт түрлерінен фестивальды келесі жылы қаламыздың 70 жылдық мерейтойында республикалық деңгейде өткізу жоспарланған», – деді іс-шараны ашқан қала әкімі Қайрат Шайжанов.

Фестивальда Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа, Ұлы­тау аудандарынан спортшылар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, ау­дарыспақ, теңге ілу, арқан тартыс, қазақ күресінен күш байқасты.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 6 млн 800 мың теңге.

Қонақтар мен қатысушылар жер­гілікті өнерпаздар мен арнайы шақы­рылған эстрада жұлдызы Ұшқын Жа­малбектің өнерін тамашалап, арнайы тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм татты.

Спорт түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен, ме­дальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Көкпар ойыны бойынша I орынды Жаңаарқа ауданының ко­ман­дасы еншілеп, 1 млн теңгені қанжы­ға­сы­на байлады. II орынды Қаражал қа­ла­сы командасы (500 мың теңге), III орын­­ды Жезқазған қаласы мен Байдалы би командалары (300 мың теңге) иеленді.