Мереке күні аудан-қалаларда 17 әлеуметтік маңызды нысан ашылады. Олардың қатарында Жетісай ауданында футбол алаңшасы, Сарыағаш ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Шардара ауданындағы мәдениет үйі секілді нысандар бар.
«Республика күні ұлттық мереке ретінде өткен жылы алғаш рет аталып өтті. Дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Ендеше бұл атаулы күнді елеулі етіп өткізу маңызды. Осыған орай, Түркістан облысында Республика мерекесі қарсаңында арнайы жоспар бекітілді. Жоспар бойынша 70-ке жуық іс-шара өтеді», – деді Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Бақытжанұлы.
«25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасы тарапынан бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, Халықаралық Voice of Turan–2023 қазақ әндері фестивалі басталды. Сонымен қатар мереке қарсаңында Түркістан музыкалық драма театрында кезекті III маусымның ашылуы өткен болса, облыстағы барлық музейде 20-24 қазан аралығында түрлі тақырыпта көрме, лекциялар секілді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал 24 қазан күні «Конгресс Холл» кешенінде сағат 15:00-де облыстық мерекелік шара өтеді.