Республика күніне орай өткен шараға облыстық жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, волонтерлер мен белсенді жастар қатысты.
Патриотизм туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», – деген еді.
Бүгінгі форумға қатысқан жастар отансүйгіштік қабілетті бәрінен биік қоятын талантты жастар.
Жастар форумына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, жастарға қолдау көрсету мемлекеттің басты ұстанымының бірі екенін атап өтті.
Былтыр ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы қажет. Әрине, тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қалады. Бірақ Тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді. Содан бері екінші жыл Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өтіп келеміз. Қазір жастар игілігіне атқарылып жатқан істер аз емес. Биыл жастарды қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар кешенді шара жоспарланып, жастар саясатын іске асыру үшін облыс бойынша 216,8 млн қаражат бөлінді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға арналған жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118,2 млн теңгеге 26 жоба мақұлданды. Биыл 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 119 млн теңге қарастырылған. Бүгінде 176 жасқа несие берілді», – деді Нариман Төреғалиев.
Жас ұрпақтың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тартуға бағытталған іс шараны облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық және қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары ұйымдастырып отыр. Жастардың көк Туды желбірете шырқаған патриоттық әндері залда отырғандарды бейжай қалдырмады.
– Жалпы, БҚО бойынша 187 мыңнан астам жас бар. Оның 104 мыңы қалада тұрады. 92 мыңнан астам жас ауылдық жерде тұрады. Аймақта төрт жоғары оқу орны, 19 колледж жұмыс істейді. Бүгінгі форумға 1 200-ден астам жас жиналып отыр. Бұл жерде барлық топтағы жастардың санаты бар, – деді БҚО Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирхат Бисекенов.
Салтанатты шарада белсенді жастардың бизнес идеяларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.
– Мен «Красный двор» деген сериял ұсындым. Бұл Орал қаласында түсірілетін болады. Қазір өздеріңіз білесіздер, көпқабатты үйлердің ауласында түрлі жағдай болып жатады. Сериалда нашақорлық, құмар ойындарға бәс тігудің соңы неге апаратыны айтылатын болады, – дейді грант иегері Самат Қуанғалиев.
Форум соңында «Жайық жастары» атты Ақжайық жастарының Әнұраны тұңғыш рет орындалды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА