Қазақ халқының осы уақытқа дейін қол жеткізген ең құнды байлығы – Тәуелсіздік. Бір ғана ұғымның ар­тында төккен тер мен еткен еңбектің өлшеусіз үлесі жатыр. Талай зұлмат кезеңді басынан өткерген қазақ елі – бүгінде терезесі теңескен, ұлттық құндылықтары қалыптасқан жеке мемлекет.
Мәмбет Қойгелді: Халық өзінің мемлекеттілігі бар ұлт екенін сезіне бастады
4,153
оқылды

Осынау еркіндікке қол жеткізуде Алаш зиялыларының танытқан ерлігін әсте ұмытуға болмайды. Республика күнінің қар­саңында тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелді ағамызбен сұхбат құрған едік. Ол Алаш қозғалысына қатысты біршама мәселенің басын қайырып, қоғамда болып жатқан процестерді тәптіштеп баяндап берді. Сон­дай-ақ заман ағымына ілескен жаңа көз­қарасты қалыптастыруда өз ұсыныстарын тізбелеп өтті.

– Биыл елімізде Республика күнін ұлттық мереке ретінде екінші рет атап өтпекпіз. Керегемізді бекемдеп, өзге­лермен терезесі теңескен тәуелсіз мем­лекет құрғанымызға 30 жылдан аса уақыт өтті. Осы уақытта нені еңсердік? Қазақстанның жаңа тарихи кезеңін қалыптастыра алдық па?

– Қазіргі ғылымдағы есеп бойын­ша 30 жыл деген – бір буынның өмірі. Ол енді аз уақыт емес. Өмірге келген бір буын атқа қонды деген сөз. Қазақ­та «Қу шөппен аузыңды сүртпе» деген сөз бар. Байқап отырсақ, 30 жылда біраз жұмыс атқарылды. Мемлекеттік жүйеміз қалыптасты, оның өзі аз жұмыс емес. Одан кейін сол жүйенің белгілі бір дәрежеде ұстанымы қа­лып­тасты. Мемлекеттік жүйе елдің мүддесіне жұмыс істеуде. Мемлекет деген – қорғаныш, сүйеніш. Халық өзінің мемлекеттілігі бар ұлт екенін сезіне бастады. Әлемде мемлекеттілігі жоқ ұлттар да бар. Шүкір, біз мемле­кетті ұлт қатарына қосылдық. Ең ал­дымен 30 жылдың ішінде халық сана­сында үлкен өзгерістер болып өтті. Үлкен өзгерістер өз тарихына тереңі­нен бойлап ену арқылы жүрмек. Ха­лықтың тарихи танымы, санасы, тарихи жады өзгере бастады. Та­рихтың таным құралы ретінде негізгі көздеген мүддесі – адамдарға өз Ота­ны бар екенін сезіндіру. Осы тұрғыда меніңше өзгеріс бар. Оны үлкен де, кіші де сезінеді деп ойлай­мын. Сон­дай-ақ білім жүйесінде оқу бағдар­ламалары өзгерді. Бізде қазір тарихты оқыту процесі маркстік-лениндік көзқарасқа негізделмейді. Тарихты оқытуда ұлттық, адами, жалпы­адам­заттық құндылықтар басымдық алуда. Абайдың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұлы сөзі бар. Абайдың осы бір пікірі тарихты оқытуда негізге алуға лайық. Бұдан әрине, мақсат – әлем азаматын тәр­биелеу деген ұғым шықпайды. Әлем азаматы – абстрактілі ұғым. Әрбір ағаштың тамыры болған сияқты, әр­бір азаматтың да тамыры болуға тиіс. Тамыр ол – адамның Отаны, жері, көк аспаны. Сонда ғана адам өзін толыққанды азамат ретінде сезінеді. Бұрын Советтік кезеңде бізді оқыт­қанда: «Сенің тарихың 1917 жыл­ғы Қа­зан революциясынан басталады», – деп үйрететін. Одан арғы тарихың – күнкөріс қамы ғана. Қазір мұндай ұстанымнан арылдық. Күре тарихы бар елміз. Түбіміз сонау көне Түркі заманынан, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жазулары өмірге келген кезеңдерден бастау алады. Біз сол тасқа бедерленген рухани құндылық­тардың мұрагеріміз. 

Қоғам үшін күрес алаңы – Парламент

– Мен aiqyn, turkistan, «Ал­маты ақшамы» газеттерін оқимын. Бұл басылымдар мазмұндық, сапалық тұрғыда өзгеріп келе жатыр. Бұл – жақсы нышан. Газеттер өмірге жа­қын­дап келеді. Халықтың күт­кені – осы. Газет халыққа жақын болуға тиіс. Бүгінгі заман сұранысына лайық, өмірлік мәселелерді көтергені жөн. Сонда ғана газет пайдалы болады. Осы газеттерді оқып отырып бай­­қағаным – Парламенттің атқарған қызметтері жайлы ақпарат бере бастады. Бұл мен сияқты қарапайым оқырманға пайдалы. Парламенттік қызметті қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Парламентке жаңа буын, тың дауысты адамдар келе бастады. Мә­селен, Ринат Зайытов жайлы сан түрлі пікір айтылуы мүмкін. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Кейде оның сөзінде асыра сілтеу болуы да мүмкін. Бірақ оқырман ретінде Ринат Зайытов арқылы нені байқадым? Парламентте халықтың бүгінгі мәсе­лелері қозғалып жатыр. Билік мұндай диалогтің нәтижесінде халықтың өмірімен, ағымдағы мәселелерімен бетпе-бет келуде. Тіпті, мұны Отан үшін, қоғамды өзгерту үшін күрес деп айтуға болады. Біз бәрі жақсы, кере­мет деп отырсақ ешқандай өзге­ріс көрмейміз. Күрес болған жерде өсу, даму бар. Ал қоғам үшін күрес алаңы – Парламент. aiqyn, turkistan газеттері осы процесті көрсетуге барынша әрекет жасап отыр. Кезінде Мұхтар Әуезовтің «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген сөзі бар еді. Парламентке тың дауыстың келуімен бойымызда жаңа жыл келгендей сезім пайда болды.

«Отан» деген ұғымды түсініп, түйсіну деген дүние бар. Әсіресе, бұл жастар үшін маңызды. Мәселен, өткен ХХ ғасырдағы алаштық буында «Отан» деген ұғым олардың қыз­метінде, әрекетінде көрініс тапты. Бүтін бір буын түгелдей Отан үшін күресте құрбан болды. Алаштық буын зиялылардан ғана тұрмайды. Ол – қате түсінік. Алаштықтар – ұлттың бүтін бір буыны. Оның ішінде зия­лылар да, байы да, кедейі де, жасы мен кәрісі де бар. Алаш деген – кең ұғым. Бұл сөз қазақ ұлт-азаттық қоз­ғалысы деген мағынаны береді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына зия­лы қауым өкілдері ғана емес, ұлттық санасы бар, ұрпақ алдында жауап­кершілікті сезінген азаматтар ат­салысты. Оның ішіне барлық әлеуметтік топтың өкілдері кіреді. «Алаш» әскері құрылды. Сапқа қосылған жігіттер өкіметтің жар­лығымен емес, азаматтық борышын өтеуге, Отанын қорғауға барды. Олар майдан даласында осы мақсат жо­лында құрбан болды. Құпия по­лиция Алаш полкінде болған азаматтарды тіркеуге алды. Кейін 1929-1931 жыл­дары Қазақстанда Совет үкіме­тінің реформасына қарсы халық көтерілісі болды. Сонда Алаш әскерінің құрамында жүріп Совет үкіметіне қарсы шыққан жігіттердің біразы ұсталды. Мысалы, Шығыс Қазақ­стандағы Тарбағатай ауданында Алаш әскерінің құрамында болған 110-ға жуық азамат ұсталып, сотталып, біразы ату жазасына кесілді. Біздің ұлттық мемлекеттігіміз бен азат­тығымыз үшін күрескен азамат­тарды осындай маңызды күндері еске алып, есімдеріне құрмет көрсетуіміз парыз. Отан үшін құрбан болған бірде-бір жан ұмытылмауға тиіс. Біз сонда ғана әділетті қоғамға айналамыз. «Жаңа Қазақстанның» деңгейіне өтеміз. Ерлік танытқан әрбір азамат жады­мызда сақталса, шын мәнінде біз тәуелсіз, еркін ойлайтын елге айна­ламыз. Осыған байланысты тағы бір мәселе туындайды. Советтік кезеңде санамызға мектеп пен жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары арқылы Отан туралы басқа түсінік қалыптастырылды. «Мой адрес не дом и не улица. Мой адрес – Совет­ский Союз», – дейтін еді. Ол заман тарихқа кетті. Біздің Отанымыз – Қа­зақстан. Бір ақынның айтқан сөзі бар: «Жоғарыға қарасам – Отаным­ның көк аспанын, төменге қарасам – ту­ған жерімді көремін!» деген. Әр аза­маттың өз жерінде осындай күйді сезінуі ғажап емес пе?!

– Ал жаңа көзқарасты жас буынның санасына қалай қалыптастырамыз? Неден бастауымыз керек?

–Ең алдымен мектеп оқулық­тарынан бастаған жөн. Жаңа көз­қарасты балабақшадан, мектеп оқу­лықтарынан қалыптастыру маңызды. Осы сұранысқа жауап беретін эн­циклопедиялық басылымдар болғаны абзал. Оқу процесінде қолданысқа түсетін энцикло­педияларда Отан, Ел, Жұрт, Атамекен, Мемлекет деген ір­гелі ұғымдар туралы жаңа түсініктегі анықтамалар берілуі тиіс. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның азаматы Ота­ны, мемлекеттілігі, туған жері, Ата­мекені туралы нені білуге тиіс? «Ата­мекен» деген сөз қандай эле­­­­­­­­­­менттерден тұрады? Міне, осыны жас азаматтың санасына құю қажет. Ал қазіргі қолданыстағы көптомдық энциклопедияларда Отан, Атамекен, туған жер туралы таптаурын болған ескі түсініктер жүр. 

Біз қазір Алаш идеясымен қайта табысып жатырмыз

– Алаш арыстары жөнінде жетік хабары бар тарихшылардың бірісіз. Қазір қоғамда Алаш өкілдеріне қатысты тақырыптар жиі қаузалып жүр. Аға, Алаш қозғалысы неден бастау алды? Кеңестік жүйенің Алаш өкілдеріне көзқарасына қалай баға берер едіңіз?

– «Алаш» сөзінің бастапқы ұғымы «қазақ» дегенді білдіреді. Қазақтың екі аты болған. XIV–XV ғасырда қазақ өзін «Алаш» деп атады. Кейін өзбек ұлысынан бөлініп шыққан тұста «қазақ» деген атау қосылды. «Қазақ» деген көршілерден таңылған ат. «Алаш» – қазақтың өз-өзіне берген аты. Сондықтан Алаш қозғалысы – қазақ қозғалысы деген сөз. Қазақ халқының өз азаттығы, мемлекеттілігі, тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі. Ал Советтік тарихнамада, соңғы жыл­дарға дейін жазылған еңбектерде Алаш – қазақтың оқығандарының, көзі ашық зиялыларының қозғалысы деген түсінік берілетін. Шын мәнінде, олай емес. Алаш – қазақ халқының барлық әлеуметтік тобы атсалысқан ұлт-азаттық қозғалыс. Кеңестік идео­логия оны теріске шығарды. Екі та­раптың ұстанымы бір-біріне сәйкес келмеді. Совет үкіметі империялық ұстанымда болса, Алаш зиялылары ұлттық мемлекеттілікті құруды көз­деді. Екеуінің айырмашылығы бар. Совет үкіметі дәулетті әлеуметтік топ­тарды жоюды мақсат тұтты. Ал алаш­тықтар бұл ұстанымға қарсы шықты. Олар: «Біз тұтас ұлтпыз. Тұтас елміз. Бізге ең алдымен керегі – байларға қарсы күрес емес, ұлттық мемлекет құру», – деді. Иә, бізге керегі ұлттық мемлекеттілігімізді жаңғырту, заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы, жаңа мазмұндағы мемлекет құру. Уақыт большевиктердің ұстанымында үлкен қателік болғанын көрсетті. Большевиктер қазақ халқының ұлт­тық мүддесін мойындамағанын, түп­кілікті мәселелерді тура шеше ал­мағанын дәлелдеді. Соның нә­­­­­­­­ти­­­жесінде Совет үкіметі тарих қоқысына кетті. Біз қазір Алаш идея­сымен қайта табысып жатырмыз. 

– Осыдан бірер жыл бұрын кейбір та­рихшылар «Егер Қазан төңкерісі бо­л­маса, кеңес билігі болмаса, Қазақ­стан Ауғанстан деңгейінде қалар еді» деген пікір білдірген еді. Бұл айтылған де­ректер шындыққа қайшы келмей ме? Ұлттың жоғын жоқтаған Алаш арыс­­тарының ісімен қандай сабақтастығы бар?

– Алматыда Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойына орай кон­ференция болып өткен еді. Конфе­­ренцияда сөз алған кейбір азаматтар жоғарыда айтқан пікірді білдірді. Елде Совет үкіметі орнамағанда қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени деңгейі Ауғанстанның дәрежесінде қалар еді деген уәж айтты. Мен ай­тылған пікірге орыс тіліндегі көлемді мақаламмен жауап бердім. Бұл – қазақ тарихын білмегендіктің, Алаш мұрасының тарихымен таныс емес екенінің көрінісі. Алаш бағдар­ламасынан жетік хабары жоқ, де­реккөздерді оқымаған кісінің жасаған тұжырымы. Әйтпесе, Әлихан Бөкей­ханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты Алаш аза­маттарының еңбектерін оқыған кісі олардың қандай ұстанымда болғанын, көздеген түпкі мақсатын түсінер еді. Алаш билігі – балама құбылыс. Алаштықтар Совет үкіметіне балама мемлекеттілікті ұсынды. Менің түсі­нігімше, Совет үкіметі – лигитимді (заңды) үкімет емес. Қазақстанға Совет үкіметі референдум өткізу арқылы орнаған жоқ. Сондықтан Совет үкіметі қоғам ісін басқаруда үлкен ағаттықтарға ұрынды. Кем­шіліктер көзге көріне бастады. Соның нәтижесінде қазақтардың жартысына жуығы 1928-1933 жылдары қырылып қалды. Бірінші буын, екінші буын саяси басқарушы топ репрессия құрбандарына айналды. Қазақ халқы сол жылдары саяси басқарушысыз қалды. 

Ұлттың сандық және сапалық тұрғыдан кеміп кетуі – Совет үкіметінің

жағымсыз қызметінің нәтижесі

– Егер Алаш үкіметінің билігі сал­танат құрғанда жағдай қалай болар еді?

– Алаштың ұстанымы орнаған уақытта мүлдем басқа арнада дамитын едік. Қазақ халқы жағымды өзге­­рістерді бастан кешірер еді. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлт зиялы­лары қателесуі мүмкін. Бірақ олар өз халқының мүддесін ешқашан сат­пай­ды» деген. Меніңше, дұрыс ай­тыл­ған тұжырым. Ал енді практика нені көрсетті? Советтік биліктің қазақ халқына қаншама қиянат жасағанын, нәтижесінде қазақтардың сан мен сапа жағынан кеміп кеткенін көрсетті. Совет үкіметі құрылуының қар­саңында біз 6 миллионның үстіндегі халық болдық. Көрші өзбек халқы 3,5 миллионнан асты. Қазір өзбектер шамамен 35 миллион халық. Қазақтар өз елінде шамамен 14 миллион. Бұл – сан жағынан қарқынды түрде өспе­геніміздің көрсеткіші. Бұл – Совет үкіметінің жағымсыз қызметінің нә­тижесі. Сапа жағынан да осыған ұқсас жағдай. Қазақстан қоғамы эконо­ми­калық, технологиялық тұрғыда еркін дамығанда, әлеуеті мен табиғи ре­­сурстарын өз мүддесіне пай­далан­­­ған­да экономикалық, мәдени, құ­қықтық даму қарқынымыз мүлдем басқаша болар еді. Оң нәтижеге қол жеткізе алар едік. Сондықтан мем­­лекеттілік – өте қымбат. Оның қаді­­ріне жетіп, бағалай білуіміз керек. 

Қазір жалған тарихшысымақтар пайда болды

– Тарихшылар арасында Алаш көсемдерінің дін мәселесі жиі талқыға салынып жүр. Әлихан Бөкейхановтың өсиет сөздерін өрескел бұрмалап, ұлт көсемін діншіл етіп көрсеткендер де жоқ емес. Бұл мәселенің артында діни секта өкілдерінің ізі тұрған жоқ па? Кө­терілген мәселенің мақсаты – шын­дыққа қол жеткізуге ұмтылу ма, әлде ұйып отырған халықтың арасына салын­ған арандатушылықтың көрінісі ме?

–Мына нәрсеге көңіл аударғым келеді. Қазір жалған тарихшылар пайда болды. Бұл жақсы үрдіс емес. Мен кейбір азаматтардың қазақ тарихын насихаттағанына, тіпті зерттеуіне қарсы емеспін. Бірақ та­рихты бұрмалауға болмайды. Оған ешкімнің хақы жоқ. Қандай белсенді, көріпкел болсын, оған ұлттық тарих­ты бұрмалауға ешкім құқық берген жоқ. Тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып жатады. Оның қисыны бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Мұ­ның артында таза рулық, жүздік мүд­де жатыр. Мысалы, Тұрар Рысқұлов Алашты, ұлтты сатты дейтін азамат бар. Бұл тарихи фактіні білмейтін адамның сөзі. Бұл деген – тағылық, надандық қой. Алдымен тарихи тұлғаның қызметін егжей-тегжейлі түсініп алу парыз. Оңды-солды жала жабу – ағаттық. Тұрар Рысқұлов – ұлт­қа ең жоғары деңгейде қызмет жа­саған адам. Т. Рысқұлов – Отанды сүюдің үлгісін көрсеткен тұлға. Сол секілді бұл ойдың Сәкен Сейфуллин тұлғасына да қатысы бар. Оның қызметінде қайшылықтар болуы мүм­кін. Менікі ғана тура деу – қате. Кейінгі сауатты ұрпақ өзі-ақ ажыра­тып алады. Тарихи тұлғаларға оңды-солды тас лақтыратын «тарихшы­сымақтар» бар. Ол білімділікке жатпайды.

Ғылымға сүйенген фильмдерден жақсы нәтиже шығады

– Бүгінде Алаш көсемдерінің өмірі мен ел азаттығы үшін қосқан үлесін экран арқылы халыққа ұсыну үрдісі жанданып келе жатқан сияқты. Со­лардың бірі таяуда ғана прокаттан түс­­кен – «Оян, қазақ!» фильмі. Фильм­де Алаш көсемдерінің болмысы ашы­лып, сол замандағы Кеңес үкі­метінің ақиқаты қамтылды деп ой­лайсыз ба?

– Мен теледидардан фильмнің кей­бір бөлімін көрдім. Бірақ прокатқа шыққан нұсқасын көрген жоқпын. Елдің фильм жайлы жақсы пікірде екенін білемін. Дәл осындай сауатты фильмдердің экранға шығуын қол­дай­мын. Киноиндустрияда Алаш идеясын, оның ішкі сырларын ашып көрсете алатын фильмдердің болғаны жақсы. Әсіресе, жастар үшін. Бұл Алаш тарихын экранға шығарудың алғашқы қадамдары ғой. Дегенмен қоюшы режиссерлерге, сценаристерге бір нәрсе жетіспей жатады. Олар ғылымға, зерттеу жұмыстарында жа­салған тұжырымдарға сүйенуге тиіс. Қажет болса, сол режиссерлер мен сценаристер мұрағатқа барсын. Та­рихи құжаттармен танысып, зерт­тесін. Ғылымға сүйенген, ғылыми тұжырымдарға негізделген көркем фильм­дерден жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын. Мысалы, Ахмет Бай­тұрсынұлына қатысты фильмді көр­дім. «Оян, қазақ» та жақсы деңгейде қойылған. Бірақ біз әлі де Алаш идеясы мен олардың негізгі мақсат-мұратын ашатын фильмдер, спек­такльдер қоюға құлшыныс жасауымыз керек. Көпшіліктің талғамына ермей, керісінше халықтың талғамын көте­руге ден қою абзал.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ