Оқу сәтті аяқталған соң бітірушілерге сертификат табысталып, кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Бұл туралы Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева атап өтті.
Тігіншілерге сұраныс көп
Мәселен, «Профессионал» оқу орталығында бүгінде 147 адам түрлі мамандықтар бойынша кәсіптік білім алып жүр. Аптасына 6 күн, 4 сағаттан оқытады. Былтыр аталмыш оқу ұйымы 104 адамды оқытып, жұмыспен қамтыған. Қазір осында шаштараз кәсібін үйреніп жүрген Маржан Нұрмахан білім алып, шеберлігін шыңдаған соң, жеке әсемдік салонын ашқысы келетінін айтады.
Шәкірт оқытып жатқан мекемелердің бірі – Danico тігін цехы. Шеберхананың білім беру ұйымында қазіргі таңда 50-ге жуық қыз-келіншек киім пішіп, тігуді үйренуде.
– Шеберханамыздың жұмыс істегеніне үш жылдан асты. Нарықта тауарларымыз үлкен сұранысқа ие. Негізінен, балалар мен жүкті әйелдерге арналған киімдерді тігеміз, балалар арбаларына арналған төсеніш пен жастықтарды дайындаймыз. Жұмыс көп. Тігіншілер өте қажет. Сол себепті өзімізде оқытып, жұмысқа қабылдағалы отырмыз,– дейді Danico тегін цехының оқытушысы Зәуре Алиева.
Жалпы, қысқамерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылуда. Мекемелерден көбінесе техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Еңбек нарығында әсіресе автомобиль жөндеу – дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кеңбейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, кәсіби шаштараз және тігінші, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелерінің тапшылығы байқалады.
Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Білім алушыларға сондай-ақ ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6 900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді.
Сала мамандарының айтуынша, қысқамерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінгі таңға 2 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – басты назарда
Бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады. Басқарманың баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева бұл тұрғыда Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың белсенді жұмысын атап өтті.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қол арба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілген.
Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері артуда. Мәселен, қолданба арқылы азаматтар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы.
«Бәріміз бірдейміз – ажырамас іргеміз» атты мерекелік іс-шараны ұйымдастырушы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында ерекше жандарға үздіксіз көмек көрсетіліп, бағыт – бағдар беріледі.
Ал тимбилдинг форматында өткен жарысқа тірек-қимыл аппараты бұзылған, зағип және есту мүшелері зақымданған 70-ке жуық мүгедектігі бар азамат қатысқан. Ойыншылар шахмат, шашка және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жарысты. Әрқайсысының спортқа деген ынта-қызығушылығы орасан. Қатысушылар арасында Шымкент қаласының нөмірі 19-шы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшылары да болды. Мақсат – ерекше жандардың белсенділігін арттырып, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Спорттық сайыс «Сізбен біз біргеміз» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскербек Оспановтың бастамасымен өткізілген. Ұйымдастырушыға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мен Шымкент қаласы спорт басқармасы қолдау білдірген.
Мемлекеттің ауқымды міндетінің бірі — халықтың барлық санаттарына әлеуметтік қамқорлық көрсету, яғни әлеуметтік қорғау. Бұл тұрғыда үшінші мегаполисте соңғы жылдары елеулі жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтуге болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы