Университеттің қазіргі стратегиясы жаһандық мақсаттарға бағытталған.
Атырауда Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейіндегі инновациялық зертхана ашылды
909
оқылды

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «БҰҰ-ның АтМГУ-дағы зертханалар акселераторы» ашылды.

Университеттің қазіргі стратегиясы жаһандық мақсаттарға, соның ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Тұрақты даму мақсаттарына бағытталған.

«Атырау мұнай және газ университетінде БҰҰ-ның Қазақстандағы ғаламдық коммуникациялар департаментінің қолдауымен Каспий Хаб (Caspian SDG Hub) құрылған болатын. «БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын Каспий маңы аймағында жүзеге асыру» жобасы өз нәтижесін беріп келеді.

Жоғары оқу орындарының төртінші миссиясы  қоғам дамуына үлес қосу. Осы бағытта биыл Атырау мұнай және газ университеті  базасында Тұрақты даму кафедрасы ашылды. Кафедра 17 мақсатты іске асыру үшін мүдделі тараптардың күш-жігері мен бастамаларын біріктіруге бағытталған жұмыстарды іске асырады», дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.

Еске сала кетелік, 2019 жылы БҰҰ тұрақты даму мәселелерін шешуге бағытталған әлемдегі ең үлкен инновациялық зертханалар акселераторы желісін іске қосқан болатын. Бүгінде желі Африка, Шығыс Еуропа, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде бой көтерген 92 елдегі зертханаларды қамтиды.

Енді осы қатарға Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде ашылған «БҰҰ-ның АтМГУ-дағы  зертханалар акселераторы» да қосылып отыр.

АтМГУ жас инноваторлары  17 жұмыс тобынан тұратын студенттік клубтар Маруся Асаубаева атындағы креатив хабта жаңа идеяларды жүзеге асырады.

Әлемдегі басқа зертханалар тапқан инновациялық өнімдер мен қызметтер халықаралық сарапшылардың назарына ие болуда. 

Баян Жанұзақова