Дәл осы датада «Тәуелсіздік туралы декларация» қабылданды.
Жастар Республика күнін қалай атап өтеді?
1,457
оқылды

25 қазан  ел тарихында алтын әріппен жазылған айтулы күн. Дәл осы датада «Тәуелсіздік туралы декларация» қабылданды. Бұл  70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Алайда 2009 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. 13 жыл елеусіз қалды. 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Сөйтіп, 25 қазан  Республика күні ұлттық мереке болып қайта оралды. Республика күні Қазақстанның мемлекет құру жолындағы алғашқы тарихи қадамы десек, бұл күннің мән-маңызы арта түседі. Жастар қайта жаңғырған мерекені ерекше ықыласпен атап өтетінін айтады.

Дәурен Ерболат, Halyq Uni порталының тілшісі:

 Мен 1998-2009 жылдары аралығында мектепте оқыдым. Сол кезде 25 қазан  Республика күні мерекеленетін. Шынымды айтсам, бала кезімізде бұл күннің мағынасын түсінбейтінмін. Тек жоғары сыныптарды Қазақстан тарихын терең түсініп оқыған соң, оның мән-мағынасын түсіндім. Алайда кейін белгілі бір саяси себептерге байланысты бұл күн мерекелер қатарынан алынып тасталды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін мерекелер тізіміне қайтарғаны дұрыс шешім болды деп ойлаймын. "Неге?" деген заңды сұрақ туындайды.

Біріншіден, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл шешім еліміздің іргетасын қалауға, мемлекет ретінде шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша. 2022 жылы «Қазақстандағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес, 25 қазан  Республика күні ұлттық мереке болып қайта белгіленді.

Менің ойымша, Республика күні  еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Ол Қазақстан халқын бірлікке ұйыстыратын, сарқылмас берекенің бастауы болады дегенге сенімім мол.

Себебі тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – бірлік. Мұны біз ұмытпауға тиіспіз.

Өз басым қайта оралған Республика күнін ерекше ықыласпен атап өтемін. Бұл күні үйге Ту іліп қоямын. Осылайша, біз ұлттық рәміздерге деген құрметімізді көрсетіп, Отанға  деген махаббатымызды оятамыз.

Біз тәуелсіздіктің атамыздың қанымен келген азаттық екенін түсінетін жастармыз. Сондықтан көшеге шығып, Республика күніне орайластырылған іс-шараларға қатысып, көңіл күйімді бір көтеріп қайтуға тырысамын.

Найма Нұрәлі, "Ат спорты" федерациясының ресми өкілі:

Республика күнін міндетті түрде атап өтемін. Себебі бұл күн біз үшін өте маңызды. Еліміздің тәуелсіздігіне қатысты деректі фильмдер көремін. Архивтегі кітаптарды бір оқып шығамын. Сөйтіп, өткен күндерді еске түсіремін. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің бастауы Республика күні деп білемін. Сондықтан қайта жаңғырған мереке біз секілді жастарға ерекше көңіл күй сыйлайды.

Бұл мерекеде мен ұлттық өнерімізді құрметтеп, өнер жолында жүрген азаматтардың әдемі әндерін тыңдап, артымнан ерген іні-сіңлілеріме ұлық мерекенің мән-маңызын түсіндіремін. Орталық алаңда болатын іс-шараларды тамашалаймын. Осындай қуаныш сыйлайтын ұлттық мереке бізге бақытты екенімізді сезіндіреді. Республика күні  маңызы зор мереке. Өйткені  ел болып еңсе көтеруге бастама болды деп ойлаймын.

Гүлназ Сальменова, Астана қаласының №78 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

Республика күнінің қайта оралғанына өз елінің отансүйгіш азаматы ретінде мен де қуандым. Тәуелсіз елдің жастары мерекені белсенді тойлайды. Бұл мерекені әркім өзінше тойлайды. Еліміздің астанасында бұл мереке қарсаңында түрлі концерттер, қойылымдар, қызықты кездесулер өтеді. Әрине, барлығын қамту мүмкін емес, бірақ өзім қаламыздың орталығында ұйымдастырылатын концертке отбасыммен барамын деп жоспарлап қойдым. Атмосферасы тамаша, барлық тұрғындар бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Сонымен қатар қаламыздағы театрға барып, қойылымды тамашалаймын деген ой бар. Осындай әдемі әсер, ерекше сезім сыйлайтын мерекемізді жыл сайын тойлай берейік! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Сурет turaninfo.kz