Мемлекет басшысы аймақтарды дамытудың маңызы жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы: «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес
774
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту екенін еске салды. Бұл туралы Президент Республика күніне орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат.

Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік.

Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет, деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы денсаулық сақтау мен білім беру саласын дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде де айтты.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, 4 миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі.

Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді»,  деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.