Алдағы уақытта аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін де азаматтар тікелей сайлайтын болады.
Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды – Қасым-Жомарт Тоқаев
962
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінге дейін 1 900-ден астам ауыл округында сайлау өтіп, әкімдердің 60 пайызға жуығы жаңарған. Бұл туралы Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде баяндады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осыдан тура 1 жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті. Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1 900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды,  деді Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент алдағы уақытта аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін де азаматтар тікелей сайлайтынын атап өтті.

Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді. Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Нәтижесінде, азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш,  деді Мемлекет басшысы.